Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"7 жыл": Қостанайда мекеме басшысы "жұмыста" жоқ қызметкердің айлығын алып келген

15:44, 25 қыркүйек 2024 335

Қостанай қалалық тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімделу орталығының басшысы 11 млн теңге ақша жымқырды деп айыпталып отыр. Бұл туралы Alash.KZ хабарлайды.

Биылғы 9 қыркүйек күні облыстық прокуратура бюджет қаражатын жымқыру туралы қылмыстық іс бойынша айыптау актісін жасады.

Тергеу барысында 2017 жылдың қазан айынан бастап 2024 жылдың тамыз айына дейінгі кезеңде Қостанай қалалық тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімделу орталығының басшысы өзінің лауазымын пайдалана отырып, адамдарды түрлі лауазымдарға жалған жұмысқа орналастырғаны анықталды, деп жазды inbusiness.kz.

"Жұмыспен қамтылғандар іс жүзінде жұмыс орындарына келмеген, функционалдық міндеттерін орындамаған, ал басшы олардың шоттарына жалақы түрінде түскен ақшалай қаражатты иемденген. Күдіктінің заңсыз әрекетінің салдарынан мемлекетке 11 миллион теңгеден астам шығын келді. Оның әрекеті Қылмыстық кодекстің 189-бабы 3-бөлігі 1), 2) тармақшасы "Мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттi адамға теңестiрiлген адамның сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi қызмет бабын пайдалана отырып, iрi мөлшерде жымқыруы" бойынша сараланды", - делінген Қостанай облыстық прокуратурасы таратқан хабарламада.

Мекеме басшысының кінәсі дәлелденген жағдайда оның мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Қылмыстық іс Қостанай қаласының № 2 сотына жолданды.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?