Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қытайға астық сатқан дұрыс па, әлде ет сатқан пайдалы ма?

27 наурыз 2024 124

Қазақстаннан Қытайға ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауға кедергі негізгі екі фактор бар. Бірі – Достық-Алашанькоу бағытындағы теміржолдың таршылығы, екіншісі – өнімдерді контейнерлермен жөнелту.

Ал карантин сертификатын талап ететін өнімдер ұзақ уақыт кезекте тұрып қалуы мүмкін. Бұл туралы Қазақстан экспортшылары форумы және Қазақстан-Қытай сауда-экономикалық ынтымақтастық конференциясында сөз болды.

Форум қатысушыларының айтуынша, қазір Алашанькоуда сыйымдылығы 2 мың тонна терминал жартылай бос тұр. Оған тезірек астық жеткізіп, толтыру керек. Алайда Қазақстан астық одағының төрағасы Артур Ахметовтің айтуынша, Қытайға астық тасымалдауда негізгі деген екі мәселе бар.

Бірінші мәселе – Достық-Алашанькоу бағытындағы теміржолдың таршылығы. Ондағы жалғыз жолмен ауыл шаруашылығы өнімдерімен бірге барлық тауар өтеді. Станцияға ауыртпашылық көп түскендіктен біздің тарапта вагондар кезек күтіп, тұралап қалады. Ал ауыл шаруашылығы тауарлары карантин сертификациясынан өтетіндіктен, уақыт тығыз.

Екінші мәселе – ауыл шаруашылығы өнімдерін контейнерлермен жөнелту. Ал контейнерлі пойыздың сыйымдылығы 1300 тонна, ал астық пойызының көлемі 3,5 мың тонна. Сондықтан Астық одағы ҚТЖ мен Қытай тарапына осы астық пойыздарына мән беру қажеттілігін ескертіп отыр. Себебі, бір астық пойызы үш бірдей контейнерлі пойыздың орнын жаба алады әрі станциядағы кептелісті тезірек жеңілдетеді.

ҚТЖ мәліметінше, бүгінде Достық-Мойынты аралығындағы теміржолдың екінші жолының құрылысы басталды. Оны 2025 жылға дейін аяқтау көзделіп отыр. Сол іске қосылса, Достық-Алашаньхоу бағытындағы өткізу қабілетін 5 есеге дейін, яғни күніне пойыздар жұбын 12-ден 60-қа дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Алайда Қазақстанның ет одағының төрағасы Мақсұт Бақтыбаевтың айтуынша, Қытайға астықтан бұрын ет сатқан дұрыс. Оның айтуынша, 1 тонна еттің құны 5 мың доллар, ал астықтың тоннасы небәрі 200-300 доллар тұрады. Сондықтан шығын мен табыс көлемі тұрғысынан екеуін салыстыруға келмейді. Сол үшін барынша қымбат өнімді сатып, ал астықты осында малға азық қылып, соның есебінен ет көлемін ұлғайтуға болатынын айтады. 

Бір ай бұрын ғана Қытайдың бас кеден басқармасының комиссиясы келіп, барлық кәсіпорынымызды тексеріп кетті. Бүгінде 17 өңірден жетеуі рұқсат алды. Қалған облыстар жыл соңына дейін ашылады деп ойлап отырмыз, - дейді сарапшы. 

Оның айтуынша, елімізде ет экспортқа бағытталған өнім болғандықтан, ішкі нарық қажеттілігінен 20% артығымен өндіріледі. Егер біз өндірісімізді арттыра алсақ, ішкі нарықтан бөлек, Қытайға қосымша 200 мың тоннаға дейін сата аламыз. Қазірдің өзінде мұздатылған етті экспорттауға мүмкіндік бар. Екі ел арасындағы мал шаруашылығы саласы бойынша сауда айналымын алдағы 5 жылда 3,5 млрд долларға дейін жеткізу мүкіндігі қарастырылып отыр.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?