Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Марат Нұртас: Жер сілкінісінің нақты уақытын айту өте қиын

04 наурыз 2024 1137

Бүгін Алматы қаласында магнитудасы 5,3 балдық жер сілікінісі болды. Біз осыған орай жер сілкінісін жасанды интеллект арқылы зерттеп жүрген маман, ХАТУ PhD докторы және Ионосфера институтының жетекші ғылыми қызметкері Марат Нұртаспен сөйлескен едік.

1.Жер сілкінісін жасанды интеллект арқылы қалай анықтауға болады?                     

Жер сілкінісін жасанды интеллект арқылы анықтау әлемде алғаш рет 2017 жылы болған екен. Ал, Қазақстанда біз бұл әдісті 2022 жылы бастағанбыз. Оған Түркиядағы жер сілкінісі себеп болған. Біз сол кезде дәстүрлі емес, жаңа әдіс – жасанды интеллект арқылы болжам жасадық. Оның ішінде, машиналық оқыту және терең оқыту деген бар. Машиналық оқытуда көбіне статистикалық деректермен, ал, терең оқытуда нейрондық желілер арқылы болжам жасаймыз.

2.Жер сілкінісінің нақты уақытын болжауға бола ма? Жалпы, болжам  қалай жасалады?

Болжам жасау процесі өте ұзақ. Қысқаша айтсам, оған ең қажетті шарт - деректер. Деректер өте сапалы және көп болуы керек. Мысалы, жай ғана бір болжам жасау үшін 10 мың дерек керек болса, жер сілкінісі үшін 10 мың деген өте аз. 30, 40, 50 мыңға дейін деректер жинаймыз. Біз соңғы 100 жылдағы деректерді жинап, өңдеу арқылы машиналық оқыту мен терең оқыту моделіне енгіземіз. Сол арқылы болжамдар жасалады.

Бұл жерде жер сілкінісінің нақты уақытын табу өте күрделі, ол әлемде шешілмеген мәселе. Біз алғаш 2022-23 жылдары жасаған кезімізде оны жылдарға жасайтынбыз. Ал, соңғы уақыттағы жер сілкінісінің жиілеуі мен қаттылығына байланысты, қазір қысқа мерзімді болжамдар жасауға тырысып жатырмыз. Бірақ, деректер 100 пайыз дәлдікті көрсетпейді. Бірақ, соның өзінде біз алдыңғы 17 сі мен 24 і және бүгінгі 1-5 аралығында болатын жер сілкіністерін апталық қысқа мерзімді болжамдар арқылы білдік.  Сондықтан біз бұрын жылдарға болжам жасасақ, қазір соңғы жағдайларға байланысты апталарға болжамдар жасап жатырмыз.

Мәселен, алдыңғы 17-24 қаңтар аралығындағы болжамда апталық уақыты 100 пайыз дәл келді, алайда, магнитудасы бойынша, сәл дұрыс емес болды. Ал, бүгінгі жер сілкіні туралы болжамда аптасы да, магнитудасы да дәл келді. Яғни, біз 1-5 наурыз аралығында магнитудасы 5,3 балл жер сілкінісі болады деп болжағанбыз. Болжамға сәйкес, бүгін, 4 наурызда 5,3 балмен сілкінді.

Бірақ, бұл моделді әлі де жетілдіріп жатырмыз. Яғни, жасанды интеллектпен болжау әрқашан деректерді жаңарту арқылы ғана жүзеге асады. Қазір апталық болжамдарымыз сәйкес келіп тұр, бірақ, күні мен уақытын нақты айту қиын. Бірақ, бұл жасанды интеллект болғандықтан оған да толық сенім артуға болмайды.

3.Осы уақытқа дейін қанша зерттеу жасадыңыз, нәтижелері қандай?

Біз 2016 жылдан бастап, жер асты динамикасымен айналысатын болсақ, 2022 ден бастап, нақты жер сілкінісімен жұмыстар жасағанбыз. Алғашқы жұмыстарымыз диссертация секілді болғанымен, кейін 2023 жылдың мамыр айынан бастап, зерттеу институтында арнайы лабораторияда осы іспен айналысып жатырмыз. Нәтижелері өте жақсы. Мәселен, қаңтар айының жиырмаларында болған жер сілкінісінің магнитудасы мен орнын дәл көрсеттік. Бірақ, нақты уақытын көрсету жоғарыда айтқанымдай, қиын. Сол зерттеу оң нәтижесін бергеннен кейін, біз енді жасанды интеллектің мүмкіндігін қысқа мерзімді болжамдарға пайдаланып жатырмыз.

4.Алматыда жер сілкінісі қанша балға жеткенде аса қауіпті болады?

Біз болжамдарды көбіне 6 балдан жоғары қоятынбыз. Өйткені 6 балдан төмен жер сілкінісі көп болуы мүмкін, бірақ, ол онша зиян емес дейтінбіз. Бірақ, 5 балдың да оңай емес екенін көріп, болжамды 5 ке қойдық. Нақты зиянын сейсмологтар айта жатар, бірақ, 5-6 балдың өзі Алматы үшін аса қауіпті.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?