Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Көшпенділер ойындары: Ұлттық спорттың дамуы ауыл балаларына үлкен мүмкіндік - Айдарбек Қожаназаров

14:25, 09 қыркүйек 2024 1358

8 қыркүйек еліміздің бас қаласы - Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты өтті. Мәжіліс депутаты, «Көкпар» федерациясының құрметті президенті Айдарбек Қожаназаров ALASH.KZ ұлттық порталына елімізде алғаш рет өткізіліп жатқан дүбірлі дода жайлы өз пікірін білдірді.

- Сіз үшін Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының елімізге тигізер пайдасы қандай? Бұл тарихи іс-шара Ұлттық спорттың өркендеуіне қандай жаңа серпін бермек?

- Ұлттық спорттың артында мыңдаған ауыл балалары тұр.

Қазір осы жарысқа қатысу үшін елордаға арнайы келіп жатқан жастардың, жігіттер мен қыздардың 99,9 пайызы ауылдан шыққан. Елімізде Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының тұңғыш рет өткізіліп, ұлттық спорттың дамуы ең алдымен шалғайдағы ауыл балаларының әлемдік деңгейде өзін-өзі танытуына үлкен мүмкіндік береді. Бізде де халықаралық аренада ұлт намысын қорғап, көк байрағымызды желбіретер талантты жастар, туа біткен дарынды балалар баршылық. Осындай айтулы додалардың жас спортшыларымыздың кең қанат жайып, биікке көтерілуіне тигізер септігі зор. Екіншіден, кез келген спорт бұқаралық сипат алмайынша алға баспайды. Бұл үшін жарнама мен насихат маңызды. Үшіншіден, ұлттық спортқа жанашыр жанкүйер болмаған жерде ұлттық ойын да өз деңгейінде өтпейді. Әрине, бәрі бірден реттеліп кетпейді, уақыт қажет. Мәселен, көкпар немесе асық ату секілді ұлттық ойындарымызды тамашалауға келген көрермен бізге осының бәрі бабамыздан қалған ұлы құндылық екенін жан дүниесімен сезінсе, ұлттық спортымыздың бағы жанар еді.

- Бұл додалы жарыстың елімізде бір реттік науқан емес дәстүрлі түрде жалғасын табуы үшін қандай маңызды қадамдар жасауымыз қажет? 

- Әрине, бірінші кезекте қаражат бөлу мәселесі шешілуі тиіс.

 Тиісті қаржылық қолдау болмаса, қол байлаулы. Кейде қаражат табылып тұрса да, жарысты жоғары деңгейде ұйымдастыра алатын, ұлттық спорттың ұрпақ тәрбиесінде алатын рөлін терең ұғатын жанашыр, рухты басшылар жетіспейді. Кадр жағы ақсап тұр. Сондықтан білікті мамандарды даярлау мәселесі бізде әлі де өзекті. Тағы да бір айта кетерлік дүние, қолында билігі бар лауазымды адамдардың ұлт құндылығына оң көзқарас танытып, тереңінен түсінуі де маңызды. Осы үш мәселе шешілсе, дүбірлі дода елімізде ары қарай да жалғасын тауып, тұрақты өтуіне жол ашылар еді.

- Ұлттық құрама сапындағы спортшыларымыздың есімдері әлі де халық арасында кеңінен танымал емес. Олардың беделін арттырып, халыққа таныту үшін қандай шараларды қолға алған жөн?

- Қоғаммен байланыс жұмысы жеткіліксіз.

Біз шетелдің небір спортшыларының есімін жатқа соғамыз. Оларды көргенде бірден танимыз. Ал өз спортшыларымызды, шыны керек, көп жағдайда тани бермейміз. Мысалы, асық атудан қандай мерген жігіттерді білеміз? Немесе көкпардан ұлттық құрамада қорғанысқа жауап беретін спортшыларымыз кімдер? Сол себепті, бізге ұлттық спортты насихаттауды күшейту керек. Елімізде Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді деп қанша дайындалдық. Байқасаңыз, Астана көшелерінде біздің спортшы ұл-қыздарымыздың ілінген суреттерін көресіз. Осындай үлгідегі насихат жұмыстары барлық өңірде, тіпті аудан орталықтарында да жүргізілсе екен дейсің.

- Осы ауқымды іс-шараның бауырлас түркі халықтары арасындағы ынтымақтастық пен мәдени байланыстарды нығайтудағы рөлін қалай бағалайсыз?

- Адам адаммен араласпай, тілдеспей, биік мақсаттарға жету мүмкін емес. Мәдениетаралық байланыс бәрінен маңызды.

Тәжірибе алмасу арқылы бауырлас елдер өзара жақындасып, жетіспейтін тұстарын көріп, бір-бірінен жаңа дағдыларды меңгеруге мүмкіндік алады. Мәселен, бір ел көкпардан мықты болса, басқа бір ел жамбы атудан үздік болуы мүмкін. Біз осының бәрін зерттеп, білмегенімізді үйреніп, білгенімізді көрсетіп, алға қарай дамуға ұмтылуымыз қажет. Қазіргі күрделі әлемдік жағдайда түркі халықтары бір-бірін жақын тартып, бауырым деп бауырына басып жатса, одан қазақ ұтылмайды. Қайта осындай маңызды тарихи іс-шаралар арқылы көрші елдермен ынтымағымыз бен бірлігіміз одан әрі нығая түседі.

- Сұхбаттасқаныңызға рақмет! Ұлт рухы биіктей берсін! 

Айта кетейік, 8-13 қыркүйек аралығында Астана қаласында өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына әлемнің 89 елінен 2500-ден аса қатысушы келіп, 21 спорт түрінен бақ сынайды.

Сұхбаттасқан Зарина ӘШІРБЕК

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?