Қарағанды қаласында 38 жастағы әйел мен оның 12 жастағы қызын өлтірді деген күдікке ілінген 39 жастағы азаматтың өлі денесі Ақтоғай ауданынан табылды, деп жазады Alash.kz.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, іздеуде болған күдіктінің мәйіті анықталған соң, оқиға орнында тиісті сараптамалар тағайындалды. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын зерделеп жатыр.
Тергеудің алдын ала болжамы бойынша, ер адам өз-өзіне қол жұмсаған. Ол өзінің атына заңды түрде тіркелген қарудан оқ атып, оқиға орнында көз жұмған деп есептеледі. Полиция қызметкерлері қаруды тәркілеп, баллистикалық және сот-медициналық зерттеулер жүргізуде.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қарағандыда анасы мен кәмелетке толмаған қызының қазасына байланысты қылмыстық іс қозғалып, күдіктіге іздеу жарияланған болатын. Қайғылы оқиғадан кейін жедел-іздестіру шаралары облыс аумағында үздіксіз жүргізілді. Қазіргі таңда аталған дерек бойынша тергеу амалдары жалғасуда, істің өзге де егжей-тегжейлері анықталып жатыр.