Жапонияда 89 жастағы ер адамға 217 миллион иен өтемақы тағайындалды, деп хабарлайды Alash.kz.
Жапонияда сот шамамен жарты ғасырын түрмеде өткізген 89 жастағы ер адамға 217 миллион иен (шамамен 1,44 миллион доллар) өтемақы төлеу туралы шешім шығарды.
Өтемақыны мемлекет төлеуі тиіс деген шешімді Жапонияның Сидзуока префектурасындағы округтік сот қабылдады.
Бұл ақша өткен жылы қыркүйекте ақталған Ивао Хакамадаға беріледі. Ол 1966 жылы Сидзуокада төрт адамнан тұратын отбасының өліміне қатысты іс бойынша кінәлі деп танылған еді. Заңгерлердің айтуынша, бұл Жапония тарихындағы ең ірі өтемақылардың бірі болуы мүмкін.
Ивао Хакамада – бұрынғы кәсіби боксшы. Ол алғаш рет 1966 жылы өз жұмыс берушісін, оның әйелін және екі баласын өлтірді деген айыппен қамауға алынған.
Бастапқыда ол 20 күнге созылған тергеу барысында кінәсін мойындаған. Кейін сот процесінде Хакамада бұл жауаптардан бас тартып, оларды азаптау мен қорқыту арқылы алғанын мәлімдеген.
2014 жылы, өлім жазасына кесілгендерге арналған камерада 40 жылдан астам уақыт отырғаннан кейін, оның ісі қайта қаралуға жіберілді. Себебі жаңа ДНҚ сараптамалары айыптау үкіміндегі дәлелдерге қайшы келген.
Хакамада түрмеде отырған уақыттың басым бөлігін жалғыз адамдық камерада өткізген. Бұл оның психикалық денсаулығына кері әсер еткен.
Amnesty International ұйымы оның ақталғанын әлемдегі өлім жазасына кесілгендердің ішінде ең ұзақ уақыт жалғыз камерада отырған адамның бостандыққа шығуы деп бағалады.