Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Ұлттық киімімізді қорлады». Ұлттық құндылықтарымыз заңмен қорғалуы керек - Мәжіліс депутаты

19:00, 19 сәуір 2025 501

«Ұлттық құндылықтарымызды қорғайтын арнайы заң керек». Бұл пікірді Мәжіліс депутаты, Ұлттық құрылтай мүшесі, айтыскер ақын Аманжол Әлтай Alash.kz ұлттық порталына берген сұхбатында айтты. 

– Аманжол Дүйсенбайұлы, сіз бұған дейін бізге Ұлттық құндылықтарымызды қорғайтын арнайы заң қабылдау қажет екенін айтып, депутаттық сауал жолдаған едіңіз. Соңғы уақытта әлеуметтік желіде қазақтың ұлттық киімін мазақ етіп, қорлаған бейнежазбалардың жиі таралуы ел ішінде үлкен резонанс тудырып отыр. Қазақтың ұлттық киімін мазақ ету – тұтас ұлтты қорлау емес пе? Ұлт мұрасын аяқасты еткендерге заң жүзінде қашан тосқауыл қойылады?

- Өкінішке қарай, әлеуметтік желіде біздің ұлттық киімдерімізді, басқа да ұлттық құндылықтарымызды қорлайтын бейнероликтердің жиілеп бара жатқаны қабырғамызға батады. 

Ғасырлар бойы біздің ұлтымыздың ұлық болмысын қалыптастырған, ұлттық ерекшелігімізді айқындайтын құндылықтарымыз бүгінгі таңда қорғауға мұқтаж.

Өздеріңіз білесіздер, бұған дейін де біздің Туымызды, мемлекеттік рәміздерімізді төмендететін қаншама теріс көріністер орын алды. Енді міне ұлттық киімдерімізді киіп алып, бейәдеп көріністер көрсетіп, салт-дәстүрімізге, ұлттық құндылығымызға балта шабуға бағытталған осындай шабуылдар күн өткен сайын көбейіп бара жатыр. Бұған тосқауыл қоймаса болмайды. 

Ол үшін әрине бірінші кезекте қатаң жаза қолданылуы үшін заңдық негіз болуы керек. Сондықтан осы мақсатта біз Парламент депутаттары Жанарбек Әшімжан, Асхат Аймағамбетов және өзім, басқа да депутаттар бірлесіп, Парламентаризм институтымен бірігіп арнайы заң жобасын дайындаған болатынбыз.

Ол заң жобасы бүгінгі таңда Үкіметтің қорытындысында жатыр. Енді белгісіз себептермен созылып та кетті. Үкіметтен қандай қорытынды келетіндігі әзірге бізге белгісіз. Оң қорытындысы келсе екен деген үмітпен отырмыз. Алдағы уақытта біздің ұлттық құндылықтарымызды қорғайтын заң жобасы қабылдануы керек деп ойлаймын.

Өйткені біз ұлттық құндылықтарымызды заңмен қорғай алмайтын болсақ, осындай әр түрлі адамды желкендіретін, адамды жеріндіретін теріс көріністер көбейе беретін болады. Сондықтан да біз ата-бабаларымыз аманат еткен, ғасырлар бойы ұлттың осы болмысын қалыптастырған осындай қасиетті құндылықтарымызды бірінші кезекте өзіміз заңмен қорғауымыз керек деп ойлаймын. 

Екінші кезекте идеологиялық тұрғыда көптеген жұмыстар жүргізілуі керек. “Ел боламын десең, бесігіңді түзе” демекші, балабақша, мектептен бастап жастарымызды ұлттың киімінен бастап, ұлттық құндылықтарымызды құрметтеуге, басқа да әр түрлі өзіміздің ұлт үшін қадірлі дүниелердің барлығын қастерлеуге тәрбиелеуіміз керек деп ойлаймын. Енді алдағы уақытта осы кемшіліктерді түзеу үшін бірлесіп жұмыс жасауымыз керек.

Естеріңізде болса, бұған дейін арнайы осы ұлттық құндылықтарымыз туралы депутаттық сауал жолдаған болатынмын. Депутаттық сауалыма Үкімет тарапынан, министрлік таарпынан жұмыс жүргізіліп жатқанын баяндайтын арнайы жауап та келді. Бірақ әзірге ол жүргізіліп жатқан жұмыстардың барлығы жеткіліксіз болып отыр.

- Сұхбаттасқаныңызға рақмет! Ұлт мүддесін қорғау жолындағы еселі еңбегіңіз нәтижелі болсын!

Сұхбаттасқан Зарина ӘШІРБЕК

Alash.kz ұлттық порталы

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар