Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Самат Әбіштің 8 жыл шартты жаза алғаны наразылық туғызды

21 наурыз 2024 201

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі,ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары болған Самат Әбіш Қаңтар оқиғасы кезінде билігін асыра пайдаланды деп айыпталып, 8 жылға шартты жаза алды. Самат Әбіштің ауыр қылмыстық іс бойынша айыпталып, шартты жаза алғаны наразылық туғызды.

45 жастағы Самат Әбіштің 8 жылға шартты жазамен сотталғаны жайлы ақпаратты 19 наурыз кешкісін мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи әлеуметтік желіде таратқан. Кейін бұл ақпаратты басқа сайттар мен телеграм-каналдар тарата бастаған соң, 20 наурызда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Самат Әбіштің шартты жазамен сотталғанын растап, ақпарат таратты. Бірақ сот таратқан ақпаратта көп жайт анық емес.

Соттың хабарлауынша, іс жабық әрі құпия қаралып, прокурор судьядан Самат Әбішті 8 жылға бас бостандығынан айыруды, оны лауазымды қызмет атқару құқығынан 10 жылға шектеуді сұраған.

Сот Самат Әбішті Қылмыстық кодекстегі "Қызметін асыра пайдалану" бабымен (362-баптың 4-тармағы) айыпты деп тауып, 10 жылға лауазымды қызмет атқару құқығынан айырып, 8 жылға бас бостандығынан айырған. Ал Қылмыстық кодекстің 63-бабымен ("Шартты түрде соттау") шартты жазаға ауыстырған.

"Сот сотталушының жас балаларының болуын және оның шын жүректен өкінуін жазаны жеңілдететін мән-жайлар деп таныды. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ" деп мәлімдеді сот.

Үкімде Самат Әбіштің мүлкі тәркіленбейтіні айтылған. Бұған қоса, сот ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Самат Әбішті атақтары мен мемлекеттік наградаларынан айыру туралы ұсыныс енгізген.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?