-4.1 C
Almaty
Сейсенбі, Ақпан 7, 2023

Түркия. Жер сілкініп, 500-дей адам қайтыс болды

ТҮРКИЯДА АЛАПАТ ЖЕР СІЛКІНІСІ БОЛЫП, 300-ДЕЙ АДАМ...

Израильде 60 мыңға жуық адам билік реформасына қарсы бас көтерді

  Кеше Израильде президент Биньямин Нетаньяхудың реформаларына наразы...

Жаппай тәртіпсіздік шығыны Ұлттық қордан өтелуі мүмкін бе – сарапшы пікірі

«Қауіпсіздік мәселесіне Үкімет жауап беретіндіктен, бұл шығынды мемлекеттің өтеп бергені дұрыс…»

Күні кеше ғана Үкіметте мақұлданған «Әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі жедел іс-қимылдар жоспарының» бірінші міндеті – елдегі жаппай тәртіпсіздік салдарынан келген шығынды өтеп, кәсіпкерлерге көмек көрсету, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бірақ әзірге бұл бағытта бюджеттен қанша қаражат қарастырылатыны айтылмады.

Осы орайда сарапшылар өз болжамдарын жасауда. GSB UIB директорының орынбасары экономист Мақсат Халықтың пікірінше, бұл бағытта бірнеше сценарийді қарастыруға болады. Соның бірі Ұлттық қор болуы мүкін.

«Бірақ бұл ең тиімді сценарий емес, өйткені ондағы ақшаның онсыз да азайып жатқан жағдайы бар. Соңғы жылдары Ұлттық қор өте көп пайдаланды. 2020 жылы 47 трлн теңге, 2021 жылы 3 трлн теңгеден астам қаражат алынды. Сондай-ақ алдағы 3 жылда 6,6 трлн теңге осы Ұлттық қордан аударылады деп отыр. Жалпы Ұлттық қордан да ала берген дұрыс емес. Өйткені оның «Келешек ұрпақ үшін» деген функциясы өз мағынасын жойып кету қаупі бар. Бірақ бұл мәселені тезірек шешу керек, өйткені бизнестің бәрі банкротқа ұшырауы мүмкін. Бұл жерде ең дұрыс сценарий бюджет есебінен, резерв есебінен жүзеге асырылуы қажет. Бюджеттің өзге де шығындары бар, мәселен квазимемлекеттік сатып алулар, көптеген пайдасы жоқ жобалар. Сондағы шығындардың бәрін қысқартып, қалған ақшаны қазіргі шығынға жұмсау қажет деп ойлаймын», – дейді экономист.

Бұдан бөлек, жақында ғана Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Қазақстан халқына» қоры құрылды. Қордағы қаражат бірнеше мақсатта жұмсалмақ. Соның бірі – жаппай тәртіпсіздік салдарынан зардап шеккен кәсіпкерлерге және мекемелерге көмектесу. Бүгінде қорға еліміздің бірақатар бизнесмендері өз есептерінен ақша аударуда.

Қорға ақша аударылу басталған сәтте бірқатар министрлік бірден біркүндік жалақыларын аудара бастады. Тіпті жасаған қайырымдылықтарын жарыса жаза бастады. Алайда, қоғам белсенділері арасында бұл «мәжбүрлеу» деген де пікірлер айтылды.

«Біркүндік жалақы мәселесі қатты талқылануда. Меніңше бұл ескірген әдіс. Себебі бір ұжымда өз еркімен аударғысы келмейтін адамдар да болуы мүмкін. Бұл ерікті сипатта болуы керек. Ал егер де басшысы өзі бастап ақша аударып жатса, онда бүкіл қызметкерлер соған көнуге тиіс болады. Сол себепті көп жағдайда бұл әдіс дұрыс емес. Әрібір азамат өз қалауы бойынша ақша аударуы тиіс», – дейді Мақсат Халық.

«Қазақстан халқына» қоры Қамқоршылық кеңесінің мүшесі, экономист Олжас Құдайбергенов Facebook-тегі жазбасында қорға ТЖМ қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер немесе әскерилер емес, Forbes тізіміндегі бай-бағландар ақша аударуы керектігін жазды.

«Көптеген мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы төмен, өкінішке қарай, кейбір басшылар қызметкерлерді ерікті түрде ақша аударуға міндеттейді. Әрине, сырттай бәрі өз еркімен орындалғандай көрінеді. Оңдай істің берекесі жоқ! Бір күндік жалақы дегеніңіз жалақының шамамен 5%-ы аударылатынын білдіреді, өйткені әдетте бір айда 21-22 жұмыс күні болады. Бұл әрбір тиынды үнемдейтіндер үшін айтарлықтай сома. Одан да олар сол ақшаны отбасына, балаларына  жұмсасын. Шенеуніктер мұндай ұжымдық аударымдарды ұйымдастыру олардың мансаптық жағдайын жақсартады деп ойламауы керек», – деп жазды Олжас Құдайбергенов.

Ал өз кезегінде Мәжіліс депутаты Азат Перуашев еліміздің ауқатты азаматтарын қайырымдылық жасауға шақырды.

«Біріншіден, Президент айтып өткендей кезінде байып кеткен олигарх азаматтар қазіргі осындай қиын-қыстау кезде өз байлықтарымен бөлісуі керек. Екіншіден кез келген қатардағы азаматтар да шетте қалмай кішігірім болса да өз үлестерін қосса болады. Егер де мәжбүрлеп талап етсе, әрине ол дұрыс емес, ол тіпті заңға қайшы. Қайырымдылық деген әр адамның өз ниетімен, өз таңдауымен жасалатын дүние. Біздің де партия өз үлесін қосатын болады. Бірақ бұл қайырымдылық әркімнің өз қалауымен жасалады», – деді Азат Перуашев.

Сарапшылар қордың ғұмыры ұзақ болатынына сенім білдіруде.

Қорға түскен қаражаттың қайырымдылық бағытында қалай үлестірілетіні әзірге белгісіз. Алайда Олжас Құдайбергенов 2-3  аптаның ішінде барлығы реттеледі деп сендірді.

«Ақша қайда және қалай жұмсалады – бұл әлі де талқыланады, өзгертіледі, қазіргі кезеңде ақшаның жеткілікті және тұрақты ағынын қалай құру маңыздырақ. Жеке келген сұрақтарға қарағанда, адамдар ақшаны кім төлей алатыны/төлеу керек/қалайтыны бойынша сәйкессіздіктерге ие. Жеке тұлғаларға келсек, ешқандай мәжбүрлеудің, үгіт-насихаттың жоқтығы белгілі болды деп ойлаймын. Жоғарыдан келген шенеуніктерге ешқандай бұйрық берілген жоқ», – деп жазылған постта.

Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге қанша пайыздық көмек көрсетілетіні де әзірге беймәлім. Мақсат Халық шағын және орта бизнес иелерінің шығындары 100 пайыз өтелуі тиіс дегенді айтып отыр.

«Шағын және орта бизнеске көмек жүз пайыз көрсетілуі тиіс. Ал ірі бизнес мәселесі қаралуы керек. Егер де қатты зардап шеккен болса, онда қолдау көрсетілгені жөн. Өйткені өз есебінен бүкіл бизнес өзін өзі қалыпқа келтіре алмайды. Одан кейін екінші мәселе бар – бұл тәртіпсіздіктен орын алған шығын болғандықтан, яғни қауіпсіздік мәселесіне Үкімет жауап беретіндіктен, бұл шығынды мемлекеттің өтеп бергені дұрыс деп есептеймін. Ал табысы мол компаниялар өздері-ақ бас тартуы мүмкін. Олар ірі компания әрі табысы жақсы болғандықтан, керісінше қорға олар да ақша аударуы тиіс деп есептеймін», – дейді экономист.

Мақсат Халықтың айтуынша, мемлекетке мәселені шешуді тездету керек. Өйткені миллиардтаған шығын дағдарыстың бастауына әкеп соғуы мүмкін.

«Экономикалық өсім құлдыраған кезде дағдарыс басталады. Ал енді экономиканың бірден бір қозғаушы күші осы іскерлік орта. Қазір зардап шеккен кәсіпкерердің біразы жұмысын жүргізе алмай жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан да бұл мәселені дағдарыс ретінде де қарастыруға негіз бар. Президент айтып өткендей, шығынның көлемі 2,5 млрд долларға дейін жетуі мүмкін. Ал бұл өте үлкен қаражат. Демек дағдарыстың сипаты бар. Сол себепті егер де мемлекет тиісті деңгейде көмек көрсетпесе, кәсіпкерлер өз шығындарын  шығару үшін тауарларының бағасын көтеруі мүмкін. Бұл қымбатшылыққа әкелетіні сөзсіз», – дейді Мақсат Халық.

Сарапшының алаңдаушылығына себеп те жоқ емес. Өйткені әдетте әлеуметтік көмектің қағазбастылығы бастан асып, ұзаққа созылатын дағдысы бар.

«Бұл мемлекет тарапынан ұйымдастырылатын көмекке байланысты. Бұл тактикалық түрде тез арада жасалуы керек. Бізде көбіне оператор ретінде банктерді бекітіп, қаражат солар арқылы беріледі. Ал бұл процесс әдетте жылдың аяғына дейін созылып кететіні бар. Егер де осындай сценарий болса, онда көптеген компанияар банкрот болып кетуі мүмкін. Егер де Үкімет жылдам әрекет етсе, онда жыл соңына дейін кәсіпкерлік субъетілері қалыптарына келеді деп ойлаймын», – дейді экономист.

Мақалаға жақын контент

Check out other tags:

Көп оқылған жазбалар