2 C
Almaty
Сенбі, Ақпан 4, 2023

ТҮРКИЯ ТУРИЗМІ РЕКОРДТЫҚ КӨРСЕТКІШКЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗДІ

Түркия 2022 жылғы туризм нәтижесін жариялады. Бұл...

Шығысқазақстандықтардың денсаулығына қауіп төніп тұр

  Шығыс Қазақстан облысында экологиялық жағдай күрделене түсті....

«Үш оқ» билікті селк еткізген

Күні кеше Райымбек ауданындағы Саржаз орта мектебіне Алтынбек Сәрсенбайұлының есімі берілді. Алтекеңнің құрдастары үлкен ас беріп, дұға бағыштап құран оқытты. Алтекемнің жақсы көрген спорты футбол мен волейболдан жарыс өткізіліп, тұлға құрметіне аталған 30 шақты жас Алтынбектер өнерін көрсетті. Алтекең есімін ұлықтауға арнайы барып бір естелікпен бөлісіп қайттым.
2005 жылы күзде мен Алматыға барып Алтекеңнің жанында 1 аптадай жүрдім. Көп әңгімелестік. Талай-талай дүниелер айтылды. Ақыры мен өз бұйымтайымды айттым. Қысқаша диалог былай өрбіді.
-Аға, мені қасыңа алсаңыз. Саясаттан хабарым жоқ шығар, бірақ темірдей логикам мен оқыған тоқығаныма сенем. Прессаңызды тасиын. Бір адамға шамам жетер күшім бар. Тысыңызды қориын. Қысқасы қасыңызда болайын, мені баулыңыз.
-Нарым-оу, сен өнер адамысың. Жүрегіңді лас нәрседен сақта. Ал саясатты таза деп айта алмаймын. Ертең қалыбыңды былғап алсаң өзіңе қиын болады. Сен оданда саяси хабар жүргіз. Мен Арманжанға айтайын.
Көзімше А. Байтасовқа телефон соғып, саған мықты бір жігітті жіберем, өзің баулып, қасыңа ал деді. Сөйтіп 31-арнадан бірақ шықтым. Арекеңмен болған келісімді ойлануға рұқсат сұрап Алтекеңмен қоштасып мен Қызылжарға тартып кеттім. Сол арада президент сайлауы өтті. Алтекеңді келісім бойынша қайта министр сайлады. Ол БАҚ мүмкіндігін әр кандидатқа тең берді. Бірақ сайлау нәтижесіндегі бассыздықтан кейін министр креслосын қайтарып беріп, билікпен ымырасыз майданға шықты. Иә, майданға. Алтекеңнің қаруы оның миы еді. Оппозицияның басты идеологы әрі ақыл санасы еді жарықтық. Елдегі саяси жағдай ширатылған үстіне ширатыла түсті. Неше түрлі оқиғалар орын алып жатты. Сол кездері мен өнерден баз кешіп рухани бір дағдарыста жүрген кезім еді. Ол ақыры денсаулыққа әсер етіп ауруханаға жатып қалдым. Қарашаның 10 болатын. Екі күннен кейін Заманбек Нұрқаділов ағамыздың қазасын естідім. Өте ауыр тиді. Ол кездері мен Ақжол партиясының солтүстіктегі бір мүшесі едім. Сұмдық оппозиционер болатынмын өзімше. Жас Алаш пен ДАТ-ты үзбей оқитынмын. Үлкен тықыр таяғанын сол кезде бүкіл жұрт сезді негізі. Алтекең үлкен сұхбат берді. Журналистерді кіргізіп жіберіп «үш оқ» мәселесін де қоғамға ашып беріп билікті әдеттегідей тағы да селк еткізген Алтекең еді. Міне сол кезден бастап мен Алтекеңнің өмірі үшін шындап қорқа бастадым. Журналисттер де өз қауіпсіздігі туралы сұрағанда, ағамыз; «егер билік күш қолданып бандитизмге аяқ басса онда оның құрдымға кеткенінің ашық көрінісі, енді билік сөйтті екен деп біз өз ойымыздан айнып, әділетті қоғам құрамыз деген мақсатымыздан бас тартуымыз керек пе?!» деген сыңайдағы жауаппен сұхбат берді. Ешкімге қайырылмайтын уақыт ақырын секундтап жылжып ақпан айына жақындап келе жатты. Қысқа рухани көтерем боп кірген мен қыс ортасында ауруханаға жатып қалдым. Керекті ем-дом алып шығуға бір күн қалғанда палатада жалғыз қалдым. Дәл сол күні түс ауа Алтекең туралы суық хабар жетті.
Есеңгіредім де қалдым. Мәңгіріп жаттым да қойдым. Тап бір суалып құрғап қалғандай жас та шықпады. Теледидардан қайта-қайта етпеттерінен жатқан үш адамды көрсетіп жатты. Сол үшеудің бірі Алтекең екеніне еш сенгім келмеді. Мәссаған! Егер кезінде Алтекем менің көңіліме қарап қасына алып алса дәл сол етпетінен жатқан үшеудің бірі сөзсіз мен болар едім ғой деген ой келді. Солай ойлауым мұң екен жарықтық көз жасы кетті дейсің төгіліп. Телегей теңіз қылып тоқтаусыз жыладым.
Алтекеңмен алғаш кездескен күнімді еске алып жыладым. Ол кісі әр бейсенбі сайын кештетіп достарымен бас қосып оқушылар сарайында футбол ойнайды екен. Мені сол уақытқа шақырған екен. Емен-жарқын ойнай жүріп еркін әңгімелескісі келген шығар. Ал мен оны қайдан білейін. Алтекеңмен кездесем деп шыттай боп киініп алғам. Кәстөм-шалбар. Галстук. Жылтыраған туфли. Менің жасанып келген түрімді көріп ағамның рахаттана күлгені есіме түсті.
-Қап, саған доп ойнаймыз деп айтпаған екенмін ғой. Жә, сенің кінәң жоқ, айтпаған мен кінәлі деп қайдан тапқаны белгісіз бір кроссовка трика және 8 нөмір жазылған бір майка әкеп кигізіп қақпаға тұрғызғаны есіме түсті. Ойыннан шыққасын бір кафеде шәй ішіп әңгімелескеніміз, актер болсаң мен мәдениет министірі боп тұрғанда неге келмей жүрдің ақымақ деп қалжыңға сүйеп қағытқаны есіме түсті.
Ол кісі Сәрсенбаев болса мен ол Сәрсебаев едім. Ертесі кеңсесіне барғанда құжатымды көрген күзетшілер бір әріпке мән бермей тік тұрып қызмет көрсеткендері есіме түсті. Менің тарабыма айтқан қаншама жақсы тілектері, жылы сөздері есіме түсті. Әсіресе А. Байтасовқа мен туралы айтқандары әлі санамда жаңғырып тұр. Соған лайық болуға тырысып жүрген жәйім да сіздің арқаңыз Алтеке.
Қайран Алтеке….
Қайда кеттің?
Еліңе ие болар кімің қалдыыы?
Әкем өлгендей жыладым. Онсыз да екі жыл бұрын әкемнен айырылып сол жараның орны жазылмай тұрғанда мынау өте ауыр тиді. Әкемнің қазасында осылай жылаған шығармын….. білмеймін…
Енді бәрі естелік.
Иә, естелік болып қана қалды. Алтекең өз қолымен жеке нөмірін қосып жазып берген визиткасы қана қалды. Тым болмаса суретке де түспеппін. Ол ойыма да келмепті.
Сол күні кешкі ем шараларын қабылдамаған күйі үйге шығып кеттім. Үйге кіріп келгендегі түрімді көрген әйелім жаман шошып кетті. Кейін айтады, папа қайтқанда тура солай түтігіп қарайып кеткенсің дейді.
Ей жалған-ай, өткен күнде белгі жоқ деген осы ма? Міне содан бері 16- жыл өте шығыпты. Алтекең кеткелі оппозицияның сәні де мәні де қалмады. Сол күйі оңалмады. Қазір Алтекең тірі болса қалай болар еді деп ойлаймын кейде. Нағыз дер шағында ажал құрық салыпты. Аман болса саясаттың нағыз серкесінің керек кезі еді. Таза президент болатын адам еді. Бір кем дүние…
Алтекеңнің асында мен; «мектепке есімін беру бір қарағанда қуаныш шығар, бірақ байыптаған жан үшін бұл үлкен трагедия. Айдың күннің аманында Алтекеңдей тұлғадан айырылып қалып мыңқ демей отыру бұл қасірет» дедім.
Ел ояу болса, халық немқұрайлы болмаса, жұрттың көзі ашық болса бұндай болмас еді, Алтекеңдер қалың ұйқыдағы қазақты ары жұлмалап, бері жұлмалап оята алмай кетті. Кезінде Міржақып оятып көріп еді болмады. Одан бұрын Кенесары ұран салып еді оған да селт етпеді. Қашаңғы жатасың ей Қазақ деп қатты айттым. Алаштың арыстаны Әлихан атамыз: «әр ұрпақ өзіне тиесілі жүкті жетер жеріне дейін жеткізуі ләзім, олай болмаса біз келер ұрпаққа көтере алмас жүк қалдырып кетеміз» деп шырылдаған еді. Солардан қалған ауыр жүкті арқалап, мансап пен ақшаға көз қиығын да салмай келе жатқан Алаштың Алтынбегі 2006 жылы құлады. Арқалаған жүгі де сол жатқан жерден әлі жылжымаған секілді. Қайтейін…. Аста айтылған ауыр ой бәріне де жетті деп ойладым. Өйткені қыбыр еткен жан, тырс еткен үн болмады. Сыртқа шыққанда Рысбек ағам келші батырым деп құшағына алды. Көңілі босап тұр екен. Алтекеңнің серігі Болат ағамыз да арқамнан қағып лебізін айтып жатты. Ал мен Алткекеңнің арқасынан сырғып түсіп, сол жатқан жерінде қалған жүкті ойлап тұрдым. Енді оны көтерер кімің бар екен?….

Мақалаға жақын контент

Check out other tags:

Көп оқылған жазбалар