Posted inБасты тақырып / Саяcат

Тасмағамбетов таққа таласуы әбден мүмкін – Ермұрат Бапи

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Иманғали Тасмағамбетовке қатысты пікір білдірді.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Минскте өткен ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздік қызметі сессиясында президенттерге «Ұйым елдеріне қауіп төніп жатыр деп айта берудің қажеті жоқ» екенін еске салған. Бұл осы ұйымның бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетовке де айтылған жауап. Осындай пікірді Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Abay Live ютуб-арнасына берген сұхбатында білдірді.

«Тасмағамбетовті ҰҚШҰ бас хатшысы етіп тағайындаған – Ресей. Оны ұсынған – Владимир Путин. Әйтпесе, зейнетке шығып кеткен болатын. Кремльдің ықпалымен бас хатшы болды. Сондықтан Ресей мен ҰҚШҰ бас хатшысы арасындағы пікір өте жақын. Тоқаевтың бұл сөзі Ресейге ғана емес, Тасмағамбетовке де айтылған жауап», – дейді депутат.

Ол осы ретте Иманғали Тасмағамбетов Ресей Федерациясының президентіне не үшін керек деген сауалға да жауабын бере кетті.

«Қалай десек те, ол Қазақстанның саяси элитасындағы тұлға болды. Танымалдығы мен ықпалы әлі де бар. Тасмағамбетовті өзінің бауырына тарту арқылы Ресей Қазақстан билігіне альтернативті тұлға ретінде ұстауы мүмкін. Иманғали барып, ҰҚШҰ-ны қатыстырып тастады деп ойламаймын. Бұл – саяси шешім», – дейді Ермұрат Бапи.

Оның айтуынша, президенттік сайлау болса, Тасмағамбетов таққа таласуы әбден мүмкін. Сол кезде Ресейдің ықпалындағы тұлға ретінде қатысуы ықтимал.

Айта кетейік, Минскте өткен ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздік қызметі сессиясына Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Ресей Президенті Владимир Путин, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, сондай-ақ ҰҚШҰ бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов қатысты. Жиында Тоқаев «Ұйым елдеріне қауіп төніп жатыр деп айта берудің қажеті жоқ деп ойлаймын» деді.

Пікір үстеу