-4.1 C
Almaty
Сейсенбі, Ақпан 7, 2023

Түркия. Жер сілкініп, 500-дей адам қайтыс болды

ТҮРКИЯДА АЛАПАТ ЖЕР СІЛКІНІСІ БОЛЫП, 300-ДЕЙ АДАМ...

Израильде 60 мыңға жуық адам билік реформасына қарсы бас көтерді

  Кеше Израильде президент Биньямин Нетаньяхудың реформаларына наразы...

Рухани идея – халықты қанаттандырады

Қаңтар оқиғасы барлық әлемнің назарында болды. Бұл еліміз үшін ғана емес, Мемлекет басшысының өзі үшін де үлкен сынақ болғаны жасырын емес.  Өзге елдерді «Қазақстанның халқы не істер екен, бүліктің соңы немен бітер екен» деген сұрақтан гөрі, «Мынандай күрделі шақта Қазақстанның Президенті қандай шешім қабылдар екен, қақтығысты қалай реттеуі мүмкін?» деген сауалдың көбірек мазалағаны анық. Осындай қым-қуыт кезде жағдайды шұғыл сараптап, қорытынды жасаудың оңай соқпағаны түсінікті. Алайда, Мемлекет басшысының көп жылғы дипломатиялық, сыртқы істер саласындағы мол тәжірибесі бұл жерде өз көмегін тигізді. Соның нәтижесінде бүлікшілер күтпеген батыл қадамдар жасалып, мемлекетте төңкеріс жасамақ болғандардың ойы жүзеге аспады. Қаңтар оқиғасының жылдам реттеліп, елде қайтадан тыныштықтың орнауы Мемлекет басшысының біліктілігіне, табандылығына тікелей байланысты.

Еліміздің бас прокуратурасының мәліметіне сүйенсек, тәртіпсіздік нәтижесінде 4578 адам зардап шекті, 225 адам қаза тапты, оның ішінде 19 күштік құрылым өкілі бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы 162 адамның ел экономикасының дамуынан түскен табыстың 55 пайызына иегер екенін айтты. Мұндай деректің ашық айтылып, көпшілікке жария етілуі алдағы уақытта елімізде үлкен өзгерістер болатынынан, халықпен санасып, көпшіліктің пікір-ұсынысын ескере отырып Жаңа Қазақстан құруға қадам жасалатынынан хабардар етеді.

Осы қасіретті оқиғаның негізгі кейіпкерлері қазақ ұлтының өкілдері екендігі баршамызға белгілі. Осыдан келіп «Қаңтар қақтығысының біздің тәуелсіз Қазақстанның даму жолында болмауы мүмкін бе еді? Сонымен қатар оны  болғызбаудың мүмкіндіктері бар ма еді?» деген дүниетанымдық сауалдар туындайды. Әрине, бүлікке жеткізбеудің жолдары бар еді. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен заңды баршаға ортақ еткен, жауапкершілікті барлығы мойындайтын қоғам қалыптастыруымыз қажет еді. Бірақ өкінішке орай жылдар бойы қордаланған қоғамдағы, экономикадағы, мәдениеттегі, әлеуметтегі, саясаттағы, заң ауқымындағы көптеген кемшіліктердің жиынтығы осындай дүрбелеңге әкелді.

Қаңтардағы бейбіт шерулердің қақтығыстық деңгейге дейін өрбуі билік пен қарапайым тұрғындардың арасындағы байланыстың, өзара сұхбаттың терең болмай келгендігін көрсетті. Жаңаөзендегі шеру оқиғаның негізгі себебі емес, ол тек сылтау, түрткі, триггер екені анық. Шынын айтқанда, оқиға көптеген әлеуметтік мәселелердің қоғамымызда оңтайлы шешімі табылмай келгенін көрсетеді. Сындарлы сәтте ел алдына шыққан Президент те мұндай мәселенің барын, билік пен халық арасындағы диалогтың маңызын айрықша атап өтті. Тоқаевтың қалыптасқан жағдайды ашып айтып, кемшіліктерді ашық мойындауы халықтың сенімін арттырып, маңайына топтастыруға бірден-бір себеп деп түсінемін.     

Осындайда қандай елдің әлеуметтік-экономикалық моделі бізге жақын, кімге «болмасақ та, ұқсап бағуымыз керек?» деген сауал туындайды. Малайзияның демографиялық құрылымы біздің елге ұқсайды. Малайлар халықтың 70 пайызын құрайды, басқалары 30 пайыз. Өткен ғасырда өзінің территориясынан мұнайды тапқан Норвегия елі оны игілікке айналдырып, қоғамын гүлдендіріп отыр. Қазіргі заманның өзінде бізге де біршама дамыған  елді қалыптастыруға болады. Жалпы Жаңа Қазақстанды қалыптастыруға мүмкіндігіміз мол. Ол үшін адам еркіндігі мен мүддесін қорғауды басшылыққа алатын Конституциямызды негізгі бағдар етуіміз керек. Сонымен қатар, бас-басымызға би болмай, елді ілгерілететін озық ойдың, Президент бастамасының маңайына топтасуымыз керек.

Шынтуайтына келгенде банктер елдің бюджетінен бірнеше рет миллиардтаған көмек алып, оны қайтаруды ұмытып кетті, билік халықтың бұл деректі ұмытып кеткенін қалады. Республикада қаншама даңғазалық жобалар жоспарланып, «кәсіпорындар ашылады» деген желеумен миллиардтар желге ұшты. Қызық жері ол шығындарға ешкім жауап бермеді. Жауапкершілік тек кейбір тұлғаларға ғана бағытталды. Жұртшылық осы фактілердің барлығын өзінің әлеуметтік жадына жинақтай берді. Сөйтіп, уақытысы келгенде бейбіт шеру арқылы мәселені шешуді ойлаушылардың саны көбейді, бірақ демократиялық қадамдар радикалды элементтердің арандатуының арқасында стихиялық әрекеттерге ұласты. Осы жағдайлар қаңтар оқиғасының орын алуына түрткі болды.

Қаңтар оқиғасы тарихтың еншісінде болғанмен, оның әлеуметтік ортада қайталану қаупі жойылған жоқ. Себебі бұл үдерістің пайда болу себептері толықтай еңсерілуі тиіс. Еліміздегі саяси транзиттің созылып кетуі де жағдайды барынша ушықтырды. Қазақ емес халықтардың өкілдері ұлттық мінездің ең әлсіз тұстарын көрді. Демек, олар өздерінің біздің ортақ мемлекетімізбен, осы елмен өзінің әрі қарайғы өмірін елестетпей, азаматтық бірегейленуге ұмтылмауы, ынталанбауы мүмкін. Сондықтан әлеуметтік тұрақтылық, қоғамдағы жеке адамның қауіпсіздігі – өте маңызды мәселе. Отансүйгіштік сезімі күңгірттеніп, базалық құндылықтар жеке бастың қауіпсіздігі мен табиғи инстинк деңгейіне төмендетілді. Қаңтар оқиғасының маңызды қырлары мен сабақтары осындай. Ал енді үйлесімді дамуды қалыптастыру үшін не істеуіміз керек?

Біріншіден, халықтың дүниетамындағы әлеуметтік әділеттілік туралы түсініктерге сәйкес келетін біршама игілікті істер атқарылуы тиіс. Оның жолы барлық деңгейде рухани тазалыққа ұмтылу. Яғни, қоғамдағы барлық деректер бойынша жұртшылықты сыйлай отырып ашық түсіндірмелер жасалуы тиіс. Халықпен келісе отырып маңызды шешімдер қабылдануы керек, өзара ашық сұхбаттар әдеттегі қалыпқа айналуы тиіс. Бұл талапты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің әр жолдауында күн тәртібіне қойған еді.

Екіншіден, қирату, бүлдіру, қаруды қолдану арқылы жаңа қоғамды қалыптастыруға болмайтындығы бұқаралық санаға жеткізілуі керек. Мұны тек Президент үндеулері, Президенттің ел алдындағы сөздері арқылы ғана алға жылжыту мүмкін емес. Бұл бағыттағы насихат жұмыстарына барлық гуманитарлық саланың мамандары жұмылдырылғаны абзал. Қоғамдағы кездесулерде, талқылауларда жасампаз нәрселер айтылуы қажет. Адамзат тарихы мен қазіргі кезеңнің озық үлгілері әрбір тұрғындарға дәлелді, дәйекті жеткізілуі тиіс. Ал енді теріс жолдағы азаматтар мен криминалды элементтердің мемлекеттік органдар тарапынан уақытылы анықталып отыруы – мемлекеттің қауіпсіздігі мен перспективасы үшін өте қажет.

Үшіншіден, қазақ халқы жүйелі сөзге тоқтаған халық. Бірақ сөз бен іс сәйкес келуі тиіс. Рухани идея ғана халықты қанаттандырады және дағдарыстан шығуға көмектеседі. Өзінің құнарлы сөздері бар азаматтар әлеуметтік желіде, БАҚ-та, кез келген жиындарда белсенділік танытуы тиіс. Әйтпесе, әртүрлі бағыттағы арандатушылар мен жалған ақпарат таратушылар негізгі эфирді, кездесу алаңдарын өзінің қолына алады.

Төртіншіден, сайлауды өткізудегі екіжүзділікке, бұрмалауларға, жалған ақпараттарға жол берілмеуі керек. Елімізде можаритарлы сипаттағы таңдаулар жасалуға мүмкіндіктер ашылуы тиіс. Қарапайым халықтың саяси мәдениеті биіктеуі үшін, кейбір жалған лидерлерді ұлықтамау үшін азаматтардың саясатқа шынайы араласуына мүмкіндіктер жасалуы орынды. Дәл осы мәселелер мемлекет дамуы үшін жасалған бағдарламаларда ескерілсе, халықтың Президент сөзіне ұйып, жаңа істердің жаршысына айналары күмәнсіз.

Серік Нұрмұратов, философия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институты Философия орталығының жетекшісі

Мақалаға жақын контент

Check out other tags:

Көп оқылған жазбалар