Posted inСаяcат

«ҚОСАРЛАНҒАН БИЛІККЕ» ҚҰШТАРЛЫҚ

Қатері жойылса да, Тоқаевтың президенттік билігі мен жеке басына төнген қауіп түбегейлі қайтқан жоқ.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында бірқатар саясатшылар мен қоғамның жекелеген өкілдері жиі ауызға алып жүрген «қосарланған билік жүйесі» туралы айтты. Мұндай сұрақтың қойылуының өзі бұл қатер қағаберіс қалатын мәселе емес екендігін білдірсе керек.

Осы сұхбатта президент мырза білдірген бірер пікірге сілтеме жасап, өзім өрген ойдың орамын келтірейін. Бәлки, менің сөз жоралғым әлдебір әбігерлі әлеуметке жақпауы мүмкін, бірақ қоғамның бір пұшпағында 30 жылға жуық жүрген саясаткер ретінде біздің ауызға ешкім қақпақ бола алмайлы деп ойлаймын.

/Сұхбаттағы сұрақ/ «Сіз 2019 жылы Президент лауазымына сайланғаннан кейін елімізде қосар­ланған билік жүйесі қалыптасты-мыс деген сөз тарады. Кейбіреулер біздің саяси жүйемізді Иранның, Сингапурдың жүйесімен салыстырды. Шынымен де, сол кезде елімізде екі билік орталығы орнағандай көрінді. Расымен солай болды ма?» – деген сұраққа президент Тоқаев өзінің қалыптасқан сабырлы адами тұрпатына сәйкес, салмақты және ұстамды тұрғыда жауап берді. (Шынында да, мемлекет пен халықтың тағдырын бір адам арам саяси пиғылы үшін иемденіп алмақ болған, елдің болашағын жеке бас мүддесіне құрбан қылуға әрекеттенген бұл мәселені байыппен емес, айғайлап айтуға болар еді. – Бұдан былайғы жақшаның ішіндегі – менің ремаркам).

«Төтесінен қойған сұрағыңызға тура жауап берейін, – деді Тоқаев мырза… – «Билік транзиті» кезіндегі ахуалды саясаттағы айлакерлер (кім екені – бесіктегі балаға мәлім) өз мүддесіне пайдаланып, қосамжарланған билік орталығын құруға тырысты. Елімізде Президент әрі Жоғарғы Бас қолбасшы лауазымы бір бөлек, бұрынғы Президент иеленген Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы лауазымы бір бөлек болды. Осы екі лауазымның иелері бір мезетте қатар қызмет атқарды. Түптің түбінде бұл жағдайдың билікте қатаң текетірес туғызбай қоймасы анық еді.

Мұны аз десеңіз, дәл осы жағдай Қаңтар дағдарысына әкеп соқтырған алғышарттың бірі болды (!!!). Өйткені ымыраласқан қаскөйлер өздері ойлап тапқан қосарланған билік, яғни «тандем» идеясын дәріптеп, оны өз мүддесіне пайдаланғысы келді. Кейбір лауазымды тұлғалардың, оның ішінде бұрынғы Әділет

министрінің мәртебе жағынан Елбасы (Назарбаев) Президенттен (Тоқаевтан) жоғары тұратынын айтқаны естеріңізде шығар. Кейбір шенеуніктер (бүгін де бар) біресе ана, біресе мына кабинетті жағалап жүрді. Олар ойнақтап жүріп, ақыры от басты. (Нұрлан Нығматулин, Ерлан Тұрғымбаев, Бауыржан Байбек, Асқар Мамин және т.б. жауапкерлер бар деп топшылайық). Мен кейінірек Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баевқа оның жақын серіктерінің саяси қитұрқылығы еліміздің тас-тал­қа­нын шығара жаздағанын (!!!) ашық айттым…», – деді Тоқаев мырза өз сұхбатында.

Иә, бүгінде «қосамжарланған билік»жойылды. Қаңтар оқиғасынан кейінгі елдегі саяси биліктің барлық тұтқасы мен тетіктері президент Тоқаевтың қолында. Бұл орайда алабөтен дау жоқ.

Иә, әлі де елдегі жемқорлық жойылған жоқ, әлеуметтік әділеттілік орнап бітпеді. Прокуратура мен соттан қорғау таппай, зар илеп, әділет іздеп жүргендер аз емес. Ұрланған активтерді қайтару ісі мемлекеттік саяси-құқықтық науқанға айналмады.

Дау басқада. Дау – 30 жылдық билікке әбден дәніккен сол назарбаевтық «ыстық» ықыластың қайтып келу қаупінде. Билік басында жүрген жекелеген азаматтар мені сендіргісі келеді: Назарбаевтың күні келмеске кетті деп.

Мен бұл құрғақ уәжге илана алмаймын.

Өзі келмесе де, оның жемқор, жатыпішер, жандайшап жақтастары жайбарақат жатыр ма? Олардың ескілікке аңсары ауған сұрқия сипатын Болат Назарбаевтың жеті күндік асында айтылған сөз астарынан аңғардық. «Әлем таныған», «ел мойындаған», «еңбегі сіңген», «әлі де берері бар» Назарбаевқа деген «халықтық құштарлықты» олар астың үстінде ашық айтты. Ал олар оңашада ошарлы жиындарында не айтып, қандай қисап құрып жүр – бұл бір Құдайға ғана аян болса керек («КНБ» бұдан хабардар ма?).

Қазақстанда люстрация туралы заң қабылданып, елге кедейшілік пен қымбатшылықтың қамытын кигізген біраз бұрынғы лауазымгер қамауға алынып, сот арқылы жазаға тартылмай, «қосамжар билік жүйесіне» құштарлар айылын жияр ма? Ұрланған миллиардтарды офшорға оқшаулаған олардың ертеңгі сайлауды «сатып алуға» қаржылық қауһары мол екеніне күмән жоқ.

Жалпы, Назарбаевтың қайтып келу «құштарлығы» қайдан шыққан? Бұл сұрақтың жауабын 2019 жылдың 19-наурызынан іздеу керек сияқты. Қандай қысыммен, недей нәубеттен Назарбаев аяқ астынан «кеттім» деді? Кім немесе кімдер оны осыған мәжбүр етті? Анда-санда «шал, кет!» деген, әр жерден шашырап шыққан талап болмаса, жер қайысқан қоғамдық қысым жоқ еді ғой, «экс-президенттік» дәрежеге сырғуға оны қандай күш итермеледі?

Шамасы, сол 19-наурызға дейін оның мұндай мұқтаж шешім қабылдауына әсер еткен жойқын сыртқы күш/күштер болған сияқты. Біз әзірге ол күштің мән-мазмұны мен Назарбаевқа қатты қауіп төндірген саяси сипатынан бейхабармыз. Бірақ жуық арада (биылғы жылы) оның жай-жапсары жалпыға мәлім болуы керек деп ойлаймын.

Қалай болғанда да, президенттік билігінің сорақысын шығару қатері үйірілген соққының алдын алып, «кенеттен» кетуге бел буды. Менің болжауым бойынша, АҚШ-та алапат «Қазақгейт» бұрық етейін деп тұр. (Білкім, Бергей Рысқалиевтың «компра» видеосы үрей үйірді ме? Айтпақшы, 30 жылдық жеке-дара билігінде ол жалғыз рет оңбай жеңіліп, Атыраудың экс-әкіміне барлық тәркіленген активін қайтарып беруге мәжбүр болғанын ұмытпайық).

 

Әйтпегенде, оның өз еркімен тақтан таятындай басқа қандай қапылысқа тап болуы мүмкін? Бүкіл ел ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында болды, биліктің барлық бұтағын бұтына басып алды.

 

Бірақ ол әне-міне жетіп келеді деп күткен қатер әлдебір себептерге байланысты кешігіп жатты. Бұл екі арада ол өзін биліктен ертерек кетуге асықтырған сол сыртқы күштерге өзінің әлі де қажеттілігін, Орталық Азиядағы тұрақтылықтық тұтқасы бола алатынын дәлелдеп, билікті басып алудың айналсоқ амалын ойластырды. Ақыр соңы ол амал – Қаңтар қырғыны боп шықты.

 

Бірақ Қаңтарда қаншама жазықсыз қан төгілсе де, қазақты бір Құдай төңкерістен сақтап қалды. (Алда-жалда ол төңкеріс жүзеге асқанда, билік басына салауатты күштер келмесін кейін білдік).

Ал тоқаевтық мемлекеттік билікке ендігі қатер қайдан келуі мүмкін? Бүгінгі теңселіп тұрған геосаяси әлемде қауіп қайдан демейік. Араб елдерін сағалап, Кремльді жағалап, кешегі күнін аңсаушылар тісін құрғақ қайрап жүрмеген болар…

Олар үшін елдегі өзгеріс өліммен тең. «Жаман айтпай, жақсы жоқ», ертең Тоқаевтың «ұйқыдан тұрмай қалуына» қарекет қылып жүргендер жоқ дей аламыз ба?

Әлбетте Құдай сақтасын, бірақ «оянбай қалу» операциясы жүзеге асар болса, үш айдан кейін қазақ баяғы таз кепешін қайта киеді. «Кешеден» – «ертеңге» өту кезеңінде Тоқаевқа балама болмасын ескеру керек. Қоғам – қайыршы, билік – берекесіз, «ескілер» ертеңге бізден бұрын жетеді.

Оның үстіне, биліктің ауысу сабақтастығын қамтамасыз ететін заңдар әлжуаз. Тоқаевты саяси топастықпен тоқпақтау – «ескілердің» есесін толтырады. Сұхбаттағы «ұлттық жұмылу қажеттілігі» деген қағиданың астары – осында.

Тоқаев өз сұхбатында: «Ертеңгі жарқын болашаққа барғыларың келсе, менің төңірегіме топтасыңдар» деп айта алмайды. Оны біз айтуымыз керек, оны қоғамның салауатты саясаткерлері мен қазіргі әлемдік геосаяси ортада отырған Қазақстандағы жағдайдың күрделілігін бағамдай білетін салиқалы азаматтар айтуы керек. Оны (сұхбаттан қаз-қалпында) «өзін «ұлттың қаймағымыз» деп санайтын зиялы қауым өкілдері» айтуы тиіс.

Ал ол күрделі жағдайды бағамдау аса қиын емес: ел бюджетінің жартысы Ресей құбыры арқылы экспортқа шығатын мұнай мен газдың үлесі құрайды. «Ескілер» өз мүддесі үшін 30 жыл бойы қалыптастырған бұдан артық қандай күрделілік болуы мүмкін?

Бәлкім, менің доғалдау долбарым қарабайыр болуы мүмкін. Бірақ, қалай болғанда да, Жаңаөзеннің жаугер жұртшылығын дүрліктіріп, «Газ-50» ереуілі арқылы бүткіл елге лаң салып, мемлекеттік билікті құлатып, таққа қайтып келудің қандай да бір қамы жасалғанын «Егемендегі» сұхбаттың лейтмотивінен сезіну қиын болмаса керек.

Мемлекеттің діңіне қатер туғызар/туғызған/ бұл мәселе турасында билікке де, қоғамға да қапер қылып, бірқатар Ютуб-сұхбатымда мен де біраз ой-пікір айтқан едім. Сол сөз саптауды сабақтайтын болсақ, біз «ескі» Қазақстаннан, оның үстемшіл саяси мұрасынан құтылмайынша, ешқашан толық мәндегі «жаңа» Қазақстан құра алмаймыз. Тоқаев мырзаның «әділетті Қазақстан» туралы идеялық бастамасы жаппай мемлекеттік идеологиялық, салауатты мәндегі саяси науқанға айналмайынша, ауыз толтырып айтарлық әділеттілік болмайды.

Бірақ парламенттің бүгінгі жұмыс сипатынан президент Тоқаевқа деген депутаттық қана емес, сонымен бірге азаматтық қолдаудың беталысы күшті. Оның басты себебі – біз елдегі өзгерістерге тәнтіміз. Ал кейбір қоғамдық сыншылар қалай айтса да, Тоқаевты «тоңқалаң асыру қажет» деген сыңайдағы желідегі жекелеген саяси жауапсыз жауласу өршіп тұрса да, бүгінгі өзгерістердің ауторы ел президенті екенін мойындамауға болмайды.

Ермұрат Бапи, мәжіліс депутаты 

Фб парақшасынан