Өздеріңіз білесіздер осыдан 6-жыл бұрын бұқаралық ақпарат құралдарында Алматы облысы Заречное кентіндегі түрме-колонияда заңмен тиым салынған діни әдебиеттер туралы үлкен айқай-шу болды. Соған байланысты оқиғаның мән-жәйін толықтай түсіндіре кетсем бе деп едім.
Мен Тұрарбек Құсайынұлы 2013-жылы проресейшіл Н.Назарбаев пен Н.Әбіқаевтың Аслан Мусинге қарсы арнайы ұйымдастырылған саяси арандатудың кесірінен 4-жылға сотталдым.
Жазамды Алматы облысының Заречное кентінде ЛА 155/14 мекемесінде өтедім.
Колонияда деструктивті діни ағымдардың ұстанымын ашық насихаттайтын, яғни экстремистік бағыттағы кітаптар мен діни әдебиеттердің емін-еркін түрме кітапханасы немесе медресесінде сотталғандардың оқып білім алуына еш бөгет жоқ екенін өз көзіммен көрдім.
Атап айтқанда, «колония кітапханасы мен медреседегі діни кітаптардың 80 пайызға жуығы салафилердің баспаханалары мен қорларынан басып шығарылған.
Ішінде зайырлы мемлекеттік жүйе – шайтанның жолына теңеліп, қарулы соғысқа (жиһад) шақыратын мәтіндер де жетерлік болатын.
Ол жерде ештеңеге алаңдамай 24 сағат Құран, хадис жаттауға, сонымен қатар, салафилік сенімді санаға әбден сіңіруге мүмкіндік бар еді.
Сотталушылар араб тілін Солтүстік Кавказ содырларының бас идеологы Мұхаммад Багауиддиннің «учебник арабского языка» кітабы арқылы үйренетін.
Нақты айтсам, аталмыш кітаптың түпнұсқасымен қоса, көшірмелері жасалып, 30-40 данадан сотталушылардың қолында жүретін-ді. Бұлардан бөлек, түзету мекемесінде А4 форматында көшірме жасалған ибн Таймия, ибн Қаийм аль Джаузи, ибн Бааз, ибн Усаймин, Насираддин Албани және Эльмир Кулиевтың «Тафсир ас-Саади» атты ортағасырлық формадағы деструктивті кітаптары еркін айналымда болғанын еш жасыра алмаймын.
2013-2015 жылдар аралығында сотталушылардың онда жамағатпен жұма намазын оқығанына да куә болдым. Содан 2016-жылы шілдеде колониядан шартты мерзімнен бұрын бостандыққа шығар кезде экстремистік сарындағы кейбір діни әдебиеттердің мұқабасын жыртып, яғни аяқ киімімнің ұлтарағының астына өзіммен бірге тығып, алып шықтым. Мен сотты болмай тұрып, ортағасырлық радикалды діни идеологиямен өте жақсы таныс едім және оның қауіптілігін де білдім. Колония кітапханасында экстремистік әдебиеттердің қол жетімді екенін немесе сол діни әдебиеттерге әкімшіліктің заңды мөрі басылғанын көріп, жағамды ұстадым.
Демек сотталушылардың пенитенциарлық жүйеде неліктен радикалданатыны маған әбден белгілі болды. Әрине, менің азаматтық борышым осы ашық фактіні жария етуге итермеледі. Сонымен қатар, қауіпсіздік мақсатында бұл іс-әрекеттерді маған сол уақытта жасырын түрде жасауға тура келді. Анығында бұл әшкерелеу түрме әкімшілігіне де, діни радикалдарға да ұнамайтынын түсіндім. Бірақ бірнеше жылдан кейін болса да, дәл қазір бұл маңызды мәселені айтуым, ақиқатында шындықты жеткізуде ешнәрседен тайсалмайтынымды және ортағасырлық діни сананың елімізде үстемдік құруына түбегейлі қарсы екенімді адамдар түсінуі үшін ғана осы фактілерді айтуды мақсат тұттым.
Бұны мен не үшін жасадым?
Мен өз өмірімде талай қиыншылық пен азапты басымнан өткердім. Жас кезімде дінге қатты қызығушылық таныттым, содан кейін трайбалистік көңіл-күйге ұрынып, сепаратистік бағыттағы проресейшіл күштердің арандатуының арқасында түрмеге түстім, ал бүгін мен зайырлы ұстанымдағы либерал-демократ қазақпын. Сондықтан да барлық шындықты түгел айтайын деп шештім.
«Мен қалай рухани жаңғырдым» атты өмірбаяндық кітабымда өзімді де жақсы жағымнан көрсетуге тырыспадым. Өтірік жазып, бірінші кезекте өзімді, екіншіден оқырманды алдағым келмеді. Уақытты кері айландыратын мүмкіндік болса, өмір жолымды тіпті басқаша бастар ма едім. Бірақ мен утопиялық қиялға беріліп, өткен өмірімдегі кейбір істеріме өкініш білдіретін адам емеспін. Бұрын болған жамандық та, жақсылық та менің тағдырым деп қабылдаймын. Өткенді санаңнан өшіру мүмкін емес, өміріңнен сызып тастай алмайсың. Сол үшін мені жазғырудың да реті жоқ деп есептеймін.
Өз басым осы уақытқа дейін көптеген жастардың санасын улап,оларға әсер ететін экстремистік ағымдарды мейлінше әшкерелеуге көп күш жұмсадым және болашақта да қазақи дүниетанымға негізделген зайырлы ұстанымды насихаттай беремін.
Статистикаға сүйенсек Қазақстанда діни экстремизм және терроризммен күрес жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру үшін 2013-2017 жылдар аралығында
200 млрд.теңге жұмсалған екен.
Ол уақытта Кәрім Мәсімов премьер-министр еді.
Айтпақшы Кәрім Мәсімовты өте терең сұңғыла саясаткер,біздің қазақтың арасында сондай адам бар ма, жоқ па білмеймін», — деп тамсанған Түркиядағы Бекболат Тілеухан өзі патронаж жасайтын «Әл-Баракат» ислами қоры арқылы, 2007 жылы атақты әзірбайжандық сәләфи идеологы Эльмир Кулиевті Қазақстанға арнайы шақырып, премьер-министр Кәрім Мәсімовпен таныстырған-ды.
Соның нәтижесінде Н.Назарбаевтың тікелей қолдауымен сәләфи Эльмир Кулиевтің 10 мың данадан астам сәләфилік сарындағы «Тафсир Саади» кітабы ҚМДБ мешіттеріне тегін таратылды.
Сол сәләфилік бағыттағы Назарбаевтың қазақты арабтандыру мақсатындағы сыйлық ретіндегі тегін кітабын оқыған ҚР азаматы Абылайхан Шалимбаев көп жылдарға сотталып кетті.
Ең парадоксті жайт ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Дін істері комитеті арнайы діни сараптама жасап, сәләфи Эльмир Кулиевтің аталмыш «Тафсир Саади»кітабына теріс қорытынды берген-ді.
Әлі есімде колониядағы намазхандар Эльмир Кулиев десе шкен асын жерге қоятын…
Себебі діни экстремизм-терроризм бабымен сотталғандарға «дерадикализация» Эльмир Кулиевтың кітаптары арқылы жүргізілетін.
ҚҰРМЕТТІ ОТАНДАСТАР!
Жүректі ауыртатын және ұлтымыздың жадынан ешуақытта өшпейтін Қаңтар қырғынында деструктивті діни топтар шынайы демократияны аңсаған бейбіт шерудің шырқын быт-шыт қылып бұзды және әдейі арандатты.
Монархиялық сәләфизмді аңсаған Назарбаев пен оның әулеті немесе сол саяси жобаны жүзеге асырғысы келген Кәрім Мәсімов, Қайрат Сатыбалды, Бекболат Тілеухан, ағайынды Сманов,т.б сияқтылар діни экстремизмге қарсы бағытталған миллиардтан астам халықтың ақшасын, өз бидайын өзіне қуырып, яғни ортағасырлық араби-парсы идеологияны қазақтың санасына тықпалау мен шырмауға жұмсады.
Бұған анық дәлел менің өз жеке өмірлік тәжірибем, яғни нақты көзім көрген түрме-колониядағы экстремистік діни әдебиеттер мен жүйелі түрде жүргізілген сәләфилік пропаганда дер едім.
Назарбаев 30-жыл бойы қазақтың санасын араби-парсы идеологиясымен улап,мәңгүрт қылды. Егер алдағы мәжіліс сайлауында депутаттық мандатқа ие болсам, зайырлылық принциптерін ту қылып,еліміздегі шет елден басқарылатын кез келген деструктивті ағымдар мен сәләфилік-сопылық секталарға заңды-құқықтық формада тиым салдыруға уәде беремін!
Құрметпен Тұрарбек Құсайынұлы!