Posted inЖаңалықтар

Қазақстанда 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы қабылданды

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы қаралды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова атап өткендей, Тұжырымдама Мемлекет басшысының «Әділ Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауында көрсетілген тапсырмасын орындау үшін әзірленген.

Ол 4 негізгі бағытты қарастырады. Олар – тәуекелге бағдарланған тәсіл негізінде еңбекті қорғаудың ұлттық жүйесін жаңғырту, жұмыс орындарында тәуекелді төмендету жөніндегі шараларды экономикалық ынталандыру, кәсіби құзыреттер мен ғылыми әлеуетті дамыту, сондай-ақ еңбекті қорғау саласындағы бақылау мен мониторингтің тиімділігін арттыру.

Қауіпсіз еңбектің негізгі индикаторлары – өндірістік жарақат пен кәсіптік аурулар көрсеткіштері. Олар, өз кезегінде, зиянды жағдайларда жұмыс істеудің салдары. Осыны ескере отырып, Тұжырымдама аясында тиісті шаралар кешені іске асырылатын болады.

Премьер-Министрдің айтуынша, Қазақстанда 500 мыңға жуық адам зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейді. ЭЫДҰ елдерінде бұл көрсеткіш өндірістік процестерді автоматтандыру және қауіпсіздік техникасы деңгейін арттыру есебінен жыл сайын азайып келеді.

«Ал бізде өндірістік жарақат алу көрсеткіші біршама жоғары екенін атап өтуге тура келеді. Елімізде жыл сайын 2 мыңға жуық адам жұмыс барысында жарақат алады. Оның ішінде 200-ден астам адам мерт болады», — деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысының сөзінше, өндірісте қазір қолданылып жүрген жазатайым оқиғалардан сақтандыру жүйесі жұмыс берушілерді еңбек жағдайларын жақсартуға ынталандырмайды. Бүгінде кәсіпорындардың тек 32%-ы ғана өз қызметкерлерін сақтандырып отыр.

«Көптеген елде өмірді сақтандыру компаниялары сақтандыру сыйлықақысының белгілі бір бөлігін превентивті іс-шараларға бағыттайды. Яғни, оларда қызметкерлерді еңбек қауіпсіздігіне оқытуға,  ұжымдық және жеке қорғау құралдарын сатып алуға басымдық беріледі. Біз де осындай жүйеге көшуіміз керек», — деді Үкімет басшысы.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, осы салада қалыптасқан проблемаларды кезек күттірмей шешу үшін Қазақстанда алғаш рет 2030 жылға дейінгі Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы әзірленді.

«Бұл құжат ең алдымен, кәсіптік қауіп-қатерлер мен өндірістік жарақаттану деңгейін және кәсіптік ауру түрлерін төмендетуге бағытталған. Барлық тәуекел алдын ала ескерілетін болады. Өндірістегі қауіпсіздік саласын цифрландыру осы мәселелерді шешуге ықпал етуі тиіс», — деді Премьер-Министр.

Оның айтуынша, Тұжырымдама еңбекті қорғау саласындағы бақылау мен мониторингтің тиімділігін арттыруы керек.

Ұсынылған құжат бойынша дауыс беру рәсімінен кейін Үкімет басшысы Тұжырымдаманың іс-шараларының барлығын орындау бойынша жұмысты жүйелі түрде ұйымдастыруды тапсырды.

Оған қоса қауіпті өнеркәсіптік объектілердегі авариялар санын төмендетуді бақылауда ұстау, Кәсіптік аурулар институтын құру мәселесін тездету, сондай-ақ емдеу мен профилактиканың сапасын арттыру қажет.

Сонымен қатар Премьер-Министр өңірлерде еңбекті қорғау талаптарының сақталуы бойынша превентивті мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету және осы бағыттағы ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмысын күшейту керектігін айтты.

Пікір үстеу