Posted inСаяcат

Петропавлдағы провокация: Кремілге қарап ұлығандарға үкім шықты

Биыл наурызда Қызылжар қаласының қақ ортасында Пүтекеңе арқа сүйеген бірнеше коллаборант үндеу жасап, үй ішінен үй тігуге ұмтылғанын DALA INSIDE жұрттың алды болып жазып, дабыл қаққан.

Арнамға жеткен ақпарат бойынша сол бұра тартқан сепаратистерге қатысты үкім шығыпты. 

Бүлікшілер заң алдында лайықты жазасын алатын болды. Бұл жағдай үй ішінен үй тігуге ұмтылған өзге коллаборанттарға сабақ болары сөзсіз.

Есіңізде болар, әлгі коллаборанттар 19 наурызда Петропавлдағы колледждің бірінде жиын өткізіп, алдын-ала жазып, дайындап алған «Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласы еңбеккерлерінің халықтық кеңесінің» декларациясын жариялап, айды аспаннан шығарған.

Елдігімізді мансұқтайтын әлгі «псевдоқұжатта» Қазақстанның егемендігіне күмәнмен қарап, тіпті оны алаяқтық әрекет деп бағалайтынын білгенде талайдың талағы тарс айырылған еді. Осыдан кейін бір кебісті, бір кебіске тыққан сепаратистермен «үш әріп» шындап айналыса бастады.

Бізге жеткен мәлімет бойынша қоңырсытып әңгіме айтып, тәуелсіздігімізді мансұқтағандардың саны – төртеу. Тіпті, коллаборанттың біреуі үйінде заңсыз қару сақтағаны да әшкере болды. Демек, олар қандай да бір іске тас-түйін бекінгені анық…

Бұл істі тергеп-тексеру барысында сепарлардың аяқасты пайда болып, атышулы «үндеуді» бір сәтте жасамағаны мәлім болды. Олар 2021 жылдың күзінен бастап, өздерінің жымысқы әрекеттерін белсенді жүргізе бастаған.

Айталық, Вячеслав Зудерман есімді коллаборанттың нұсқауымен «Народный Дозоръ. Петропавловскъ», «Народный Совет. СКО, Петропавловск», «Народный Совет. Петропавловск, СКО» деген телеграм арналар құрылып, оған өзге белсенділер Елена Болдырева, Мәдина Қапарова, Ольга Бережновалар қатысып, Ата заңға қайшы ақпараттарды ашық жариялай бастаған.

Ал сепаратистік әрекеттің кульминациясы биыл 23 наурызда орын алды. Бұлар өздерінің «декларациясын» жариялаған болатын. Енді коллаборанттардың сол әрекеті өздерінің басына таяқ болып тиді. Жаңа Қазақстан сепаратистік әрекетке жол берген 4 коллаборантқа жақсылап сазайын берді.

Петропавл қалалық соты бүлікшілердің топбасшысы Вячеслав Зудерманды 9 жылға, өзге үшеуін 7 жылға бас бостандығынан айыру турасында шешім шығарды. Ендігіде Кремльге қарап ұлитындар Қазақстанның тұтастығына қатысты әңгіме айтқанда абайлап сөйлейтін болады.

 

 

Пікір үстеу