Posted inСаяcат

«Отыз жылдай отырып алды». Қырғыз президенті Назарбаев туралы айтты

Қырғыздың Мемлекеттік туын өзгертуді қолдаған президенті Садыр Жаппаров жұрт алдында сөйлеген сөзінде Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевты есіне алды.

«Қазақстанның Президенті (бұрынғы)  30 жылдай отырып алды ғой басқарып. Астананы Алматыдан көшірерде Парламентке келіп сұранды. Сол кезде депутаттар қарсы шықты. «Ақмолаға көшірген деген не?», «ен дала емес пе?», «суық» дескен. Шын мәнінде, Астанада құтырған итті байласаң тұрмайды. Білесіңдер ғой. Суық қой. Сол кезде Назарбаев мінберде тұрып: «Құрметті ел-жұртым, менің де ойлағаным бар. Бүгін туған күнім екен, бір рет мақұлдаңдаршы», – деп сұрады. Қазақ Парламенті 90-95 пайыз болып мақұлдап, қолдап берді», – дейді Жаппаров сөйлеген сөзінде.

Оның сөзінше, қазіргі күнгі Астана дүниежүзіндегі ең алдыңғы шаһарлардың біріне айналған.

«Мен енді Борборды (Бішкекті солай атайды) көшір деп тұрғам жоқ, басқа жаққа шаһар салам деп сұранғам жоқ, ең болмаса, желекті (туды) өзгертуге мені бір қолдап беруге болатын шығар? Сұранғандарыңызды қолдап тұрам. Сұраған мені де қолдап беріңдер. Ту еш өзгермейді. Тек сәл түзетіледі», – дейді ол.

Айта кетейік, Қырғызстанның Жоғарғы кеңесінің депутаттары Мемлекеттік тудағы күн сәулесінің пішінін өзгертуді ұсынып отыр. Өзгерістердің бастамашылары – спикер Нұрланбек Шакиев пен депутат Ұлан Примов. Олар бүгінгі күнге дейін Қырғызстан туын «күнбағыс гүлі деп қабылдайтындар бар, жалауша бейнесінің мағынасын екіұшты түсіндіруді жою үшін шаралар қабылдау қажет» деп есептейді. Сол себепті толқынды шашақты депутаттар тік шашақ қылып өзгертіп, расында да, күн бейнесін көрсеткен жөн дейді.

Пікір үстеу