Қазақ қоғамы Ресейдің ешбір құндылығын қабылдамайтын, мойындамайтын деңгейге жетті…
Лепсті келген ізімен кері қайтардық. Соғысты қолдайтын, теріскейді Ресейге телігісі келетін өз ішіміздегі «шовиктер» қазақтілді ортаның тегеурініне төтеп бере алмауда. «Орыс әлемінің» иммунитеті күн өткен сайын әлсіреп келеді.
Қазақтілді аудиторияның үлес салмағы артқан сайын «орыс әлемімен» байланысты іс-шараларды сүзгіден өткізу процесі күшейе түседі. Еліміздегі Православ шіркеуі осы күйді бастан өткерді.
«Алматыда Александр Невскийдің ескерткіші ашылады…» деген әңгіме талай күн бойы толастамай тұр. Қазақтардың ашу-ызасынан қорыққан шіркеу басшылығы арнайы мәлімдеме жасап, түсініктеме беруге мәжбүр болды. Бұл жақсы үрдіс.
Осыған қатысты ой білдірген тарихшы Нұрлан Атығаевтың сұхбатын шолып шықтық. Біраз жайтты басын шалыпты (сұхбатты комментке жүктеп қойдым).
Шіркеу басшылығы Алматы әкімдігіне қаланың қақ ортасынан жер сұрап, бірнеше рет барған. Биіктігі 5 метрлік ескертішті көзге көрінер тұсқа орнатқысы келген. Үш ретінде де «отказ» берілген.
Шіркеудің өтінішін қарастырған комиссия: «Невский? Оның Қазақстанның тарихына қатысы қанша? Ол тұрмақ, Алаштың арғы-бергі тарихындағы танымал тұлғаларға ескерткіш орнатылған жоқ. Кезегін күтіп тұрғандар қаншама. Невскийдің олардың алдына түскені жөн емес…» деп шорт кескен.
Амалы таусылған Православ шіркеуі ескерткішті өзінің аумағында, шіркеу ауласында орнатуға шешім қабылдаған. Мұндай монументтің тарихи және мәдени ескерткіш деген мәртебесі болмайды екен.
«Қазақстан зайырлы мемлекет. Билік дін істеріне араласпайды.
Негізі, Невский – православиелік әулие. Сондықтан шіркеу өз әулиесіне өз аумағында ескерткіш орнатып, құрмет көрсете алады.
Оның Алтын Ордамен барынша достық қарым-қатынас орнатуға барынша тырысқаны тарихтан белгілі. Гумилевтің сөзімен айтқанда, ол Русьті Ұлы Даламен жақындастырған адам болды.
Қазіргі контекст тұрғысынан мен де соғысқа қарсымын! Путиннің шапқыншылығын айыптаймын. Десе де, орыс Православ шіркеуінің өз аумағында, өз қаржысына орыс халқының тарихи тұлғасының ескерткішін орнатуынан оғаш ештеңе көріп тұрған жоқпын.
2019 жылы Ресейде қазақ сұлтаны Ораз-Мұхаммед құрметіне ескерткіш орнатылғаны белгілі. Аталған ескерткіштің ашылуына мен де қатысқан едім.
Қазақстанда православ діні негізгі діндердің бірі. Невский православиелік әулие ретінде осы сенімді ұстанатын жерлестеріміз үшін маңызды тұлға екенін ұмытуға болмайды.
Ескерткіштің нобайымен де таныспыз. Агрессия жоқ. Оң қолында иконасы бар. Бар болғаны осы…», – дейді тарихшы.
Думан Бықай