Posted inБасты тақырып

Назарбаев тұғырынан түсті. Экс елбасының тағы бір ескерткіші құлатылды

Астанада Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші алынып тасталды, деп хабарлайды alash.kz.

Астанадағы Ұлттық қорғаныс университетінің аумағынан тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2020 жылы 80 жылдығына орай салтанатты түрде ашылған ескерткіші алынып тасталды. Бұл туралы ақпарат әлеуметтік желілерде пайда болды.

Ұлттық қорғаныс университеті ескерткіш шынымен алынып тасталғанын растады және ол қазір қоймада тұрғанын хабарлады.

Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі ескерткішке қатысты ақпаратты алдағы уақытта беруге уәде етті деп жазды qaz365.kz.

Ал Қорғаныс министрлігі Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткішін мұражайға көшіретінін хабарлады. Ескерткіш Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Мемлекеттік әскери-тарихи мұражайының ғимаратына орнатылады. Қазіргі уақытта ескерткіш қорғаныс істері жөніндегі департамент ғимаратының бірінде уақытша сақтауда жатыр.

«Қорғаныс министрінің бұйрығымен Тұңғыш Президент – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің атауы Ұлттық қорғаныс университеті болып өзгертілді. Сол себепті Ұлттық қорғаныс университетінің аумағында орналасқан Тұңғыш Президент ескерткішін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Мемлекеттік әскери-тарихи мұражайының ғимаратына көшіру және орнату туралы шешім қабылданды», – делінген хабарламада.