Posted inЖаңалықтар

Мемлекеттен 4 миллион теңгені кімдер ала алады?

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева елімізде кітап шығару саласын дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы мәлімдеді. Оның сөзінше, биылдан бастап қаламгерлердің бір парақ жаңа туындысына 6 ең төменгі жалақы мөлшерінде грант төленеді.

«Мәдениет және ақпарат министрлігі кітап шығару жұмысын күшейтпек. Осы ретте, кітап шығару саласындағы тың бастамалармен таныстыруды жөн көрдім. Біріншіден, кітап басу ісі үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан бұл саланы дамыту үшін жаңа ереже қабылданады. Соған сәйкес кітаптар бірнеше сараптамалық сатыдан өтіп, тек үздіктері ғана жарық көреді»,  – деді Балаева әлеуметтік желіге жариялаған үндеуінде.

Оның айтуынша, өтінімдер жылына екі рет қабылданып, түскен құжаттарды тексеру 10 күн алады. Қоғамдық талқылауға 15 күн, арнайы құрылған тәуелсіз комиссияға 15 күн, сарапшылардың қорытындысын дайындауға екі ай беріледі.

«Әрине, осы уақыт ішінде оқырмандардың пікірінен бөлек, отандық ғылыми-зерттеу орталықтарының әлеуметтік зерттеулері, кітап дүкендерінің сатылымға қатысты статистикалық мәліметтері, баспалардың басылым рейтинг-тізбесі назарға алынады. Осыдан кейін ғана өкілетті орган нақты шешім қабылдайды.

Екіншіден, егер бұрын қолжазбаға гонорар төленсе, енді оның орнына жаңа әдеби туындыларға грант берілмек. Яғни, биылдан бастап қаламгерлердің бір парақ жаңа туындысына 6 ең төменгі жалақы мөлшерінде грант төленеді. Мәселен, орташа есеппен алғанда, 160 беттік кітапқа 4 млн теңгеден астам қаламақы беріледі. Грант министрліктің жанынан құрылған сараптамалық комиссияның шешімімен бекітіледі», – делінген Балаеваның үндеуінде.

Фото: pixabay.com