Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

“Зиратта, жанармай бекетінде түнедім” - Алаяқтарға алданып үйінен айырылған қария жанайқайын айтты (ВИДЕО)

20:55, 13 қыркүйек 2025 306

Алматыда 84 жастағы зейнеткер Анна Ногаева пәтерінен айырылып, қазір қиын жағдайда өмір сүріп жатыр. Бір жыл бұрын ол алаяқтардың арбауына түсіп, өз баспанасын жоғалтқан. Содан бері қарт ана саябақта, жанармай бекеттерінде, тіпті зиратта түнеп жүрген, деп хабарлайды Alash.KZ КТК телеарнасына сілтеме жасап. 

Бір ай бұрын оған қайырымды адамдар уақытша жалдамалы үй тауып берген. Қазір ол үш аптадан бері кішкентай бір бөлмелі пәтерде тұрады. Үйде су да, газ да жоқ, бірақ әйел үшін бастысы – баспана бар. Жанында жалғыз серігі – асырап алған мысығы.

– Жалғыз жүргеннен гөрі осылай болғаны жақсы, – дейді қария.

Алайда уақытша баспанада да көп тұрақтай алмайтын түрі бар. Үй иесі жалдау ақысын өсірмек, ал зейнеткердің жағдайы ондай төлемге жетпейді. Ногаева айына бар болғаны 55 мың теңге төлегенін айтады.

– Бір ай бойы далада қонған кезім болды. Зиратта да түнедім, жанармай бекетінің жанында да отырдым. Ешкімге кедергі жасамау үшін амалсыздан солай істедім, – дейді ол.

Анна әжейдің айтуынша, өткен жылы дүкеннен қайтып келе жатқанда көлікпен кездескен белгісіз адамдар оны үйіне дейін жеткізуді ұсынған. Жолда сусын ішкеннен кейін есін жоғалтқан. Кейін оянғанда пәтерінің басқа адамның атына өтіп кеткенін білген. Алаяқтарға алданып қалғанына сенімді, бірақ полицияға жүгінбеген, себебі сөзіне ешкім құлақ аспаған.

– Қазір жасым 85-ке таяды. Өмір бойы ешкімге зиянымды тигізбей, көмектесіп жүрдім. Енді қартайған шағымда үйсіз қалдым, – дейді көз жасын сығып.

Оның ұлы қайтыс болған, ал қызы мен немерелері Ресейде тұрады, қарым-қатынастары үзілген. Қарт анаға көбіне көршілері көмектеседі. Қарттар үйіне орналастыру мәселесі де көтерілген, алайда құжаттары рәсімделмеген деген себеппен қабылданбаған.

“Шаңырақ” әлеуметтік қызмет көрсету орталығы Анна Ногаеваға қатысты ресми өтініш түспегенін мәлімдеді. Азаматтарды қабылдау журналына сәйкес, оның атына ешқандай жазба жоқ.

Зейнеткерге уақытша паналауға берілген баспанада бір аптадай ғана мерзім қалған. Одан кейін қарт әйел тағы да далада қалуы мүмкін. 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар