Украина президенті Владимир Зеленский 24 ақпанда елде сайлау жариялайды деген Батыс БАҚ-та тараған қауесетті жоққа шығарды, деп хабарлайды Alash.KZ РБК Украинаға сілтеме жасап.
Владимир Зеленский елде 24 ақпанда сайлау мен референдум жарияланады деген әңгімелерді бірінші рет естіп отырған жоқ екенін айтты.
«Сайлау туралы мен бірнеше рет айттым – біз барлық тиісті қауіпсіздік кепілдіктері болған кезде ғана сайлауға келеміз», – деп атап өтті Зеленский.
Оның сөзінше, сайлау мәселесін «әртүрлі серіктестер» көтеріп жүр. Ал Украинаның өзі бұл мәселені ешқашан көтермеген. Дегенмен, мұндай процеске дайындық бар екенін жеткізді.
«Мұны жасау өте оңай – ceasefire (атысты тоқтату – ред. ескертпесі) жасаңдар, сонда сайлау болады. Яғни, бұл – қауіпсіздік мәселесі», – деді Зеленский.
Сонымен қатар Украина басшысы АҚШ Украинаны қауіпсіздік кепілдіктерінен бас тартумен қорқытпағанын және оларды сайлау мәселесімен байланыстырмайтынын айтты.
Еске салайық, бұған дейін америкалық Financial Times басылымы АҚШ-тың қысымына байланысты Украина президенті Владимир Зеленский 24 ақпанда елде 15 мамырға дейін сайлау мен референдум өткізу жоспарын жариялайды деп хабарлаған еді.