Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Зейнетақы төлемдерінен 20 пайыз ұсталатыны рас па - Еңбек министрлігі жауап берді

19:01, 30 наурыз 2026

Еңбек министрлігі әлеуметтік желілер мен бейнехостингтерде таралып жатқан зейнетақы төлемдерінен 20% ұстап қалу енгізілді деген ақпарат шындыққа жанаспайтынын хабарлады, деп жазады Alash.kz. 

Министрліктің хабарлауынша, белгісіз тұлғалардың deepfake технологияларын пайдалана отырып, ынтымақты зейнетақы төлемдері 20%-ға қысқартылады деген жалған мәліметі бар бейнероликтер таратып жатыр. 

“Еске саламыз, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық және ынтымақты зейнетақы мөлшері ҚР Ұлттық Банкі айқындайтын инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес 10%-ға арттырылды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде жыл сайын кезең-кезеңімен ең төменгі базалық зейнетақы мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-ына дейін, ал ең жоғары мөлшері 120%-ына дейін ұлғайтылуда.

Осылайша, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 35 596 теңгені (күнкөріс деңгейінің 70%-ы), ал ең жоғары мөлшері күнкөріс деңгейінің 110%-ынан 118%-ына дейін ұлғайтылып, 60 005 теңгені құрады.

Азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырамыз.

Қасақана жалған ақпарат таратқаны үшін заңнамаға сәйкес жауапкершілік көзделгенін еске саламыз”,- делінген ресми хабарламада.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар