Белгілі кәсіпкер, GALANZ Bottlers компаниясының негізін қалаушы Тұрсынғали Алагөзов әлеуметтік жауапкершілігі жоғары бастамасымен көпшіліктің алғысын алды, деп жазады Alash.kz.
Ол өз қызметкерлерінің 65 жастан асқан ата-аналарына ай сайын зейнетақы төлеу туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді. Бұл туралы кәсіпкер компанияның жаңа жылдық корпоративтік кешінде жариялап, жыл қорытындысын жасап, ұжымын алдағы мерекелермен құттықтады. Оның айтуынша, компания үшін әрбір қызметкер ғана емес, сол маманды тәрбиелеп өсірген ата-ана да ерекше құрметке лайық.
Алагөзовтің мәлімдеуінше, жасы 65-тен асқан ата-аналарға ай сайын компания есебінен 50 мың теңгеден төленеді. Кәсіпкер бұл қадамды алғыс пен ризашылықтың белгісі деп атап өтті.