Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

“Зейнетақы жинағы… Өзі шешеді”: Асхат Аймағамбетов ел асыға күткен қуанышты жаңалығын бөлісті

13:30, 29 маусым 2026

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов желідегі парақшасында жаңалығын бөлісті, деп жазады Alash.kz.

Халық қалаулысы зейнетақы жүйесіне маңызды өзгеріс енгізілгенін айтты.

«Зейнетақы жинағын енді 100% өзіңіз басқара аласыз. Кеше Сенат біздің бастамамызбен енгізілген норманы мақұлдады. Енді әр адам өз зейнетақысын кімге басқарту керектігін, жақсы табыс әкелуі үшін қалай инвестиция жасау қажеттігін өзі шешеді. Жинақталған ақшаңызды бұрынғыдай Ұлттық банктің басқаруында қалдыруға немесе қаражатыңыздың 100%-ын арнайы қаржы компанияларына басқаруға беруге болады.

Бұл не үшін керек?

Қазір ай сайын аударатын 10% зейнетақы жинағымызды Ұлттық банк басқарады, яғни инвестициялайды. Олар ақшаны көбінесе сенімді, бірақ табысы аздау мемлекеттік жобаларға, Қаржы министрлігінің бағалы қағаздарына салады (Ұлттық банк жалпы алғанда жақсы жұмыс істеп жатқанын ерекше атап өткім келеді). Ал арнайы басқарушы компаниялар бәсекелестік ортада ақшаңызды табысы әлдеқайда көбірек басқа бағыттарға салып, көбейтіп беруі мүмкін.

Жаңа заң сізге не береді?

Толық еркіндік. Бұрын жинақтың тек 50%-ын ғана арнайы компанияларға басқаруға беруге рұқсат еді. Енді бұл шектеу жоқ. Барлық ақшаңызды кімге сеніп тапсыратыныңызды тек өзіңіз шешесіз. Яғни, арнайы өтініш жазып, қаражатыңызды басқаратын және оны инвестициялайтын ұйымды өзіңіз анықтайсыз.

Табысты көбейту мүмкіндігі де енді кеңейеді.

Жинақтарыңызды қандай стратегиямен инвестициялайтынын, оның қалай жұмыс істейтінін енді өзіңіз таңдайсыз. Мысалы, жинақталған 5 млн теңгеңіз болса, оның бір бөлігін кірісі көп, тәуекелі де көп стратегиямен, екінші бөлігін кірісі орташа, бірақ тәуекелі де орташа, ал қалғанын өте сенімді (табысы аз болса да, тұрақты) бағытқа бөліп салуға болады. Осындай тетікті де ұсындық.

Ақшам күйіп кетпей ме?

Заң бойынша, басқарушы компаниялар сіздің берген негізгі сомаңыздың ешқайда жоғалмауына толық кепілдік береді. Оның үстіне, олардың жұмысын Ұлттық банк пен мемлекет қатаң қадағалап отырады»,- деп жазды Асхат Аймағамбетов.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар