«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-не қарасты Жезқазған мыс балқыту зауытында экологиялық және өндірістік қауіпсіздікті нығайту мақсатында желдету жүйелері жаңартылуда, деп жазады Alash.kz.
Негізгі жұмыстар мыс электролизі цехының катод учаскесінде жүргізіліп жатыр. Бұл бастама қызметкерлер үшін барынша қолайлы әрі қауіпсіз жұмыс ортасын қалыптастыруға бағытталған.
Электролиз үдерісінің үздіксіз сипаты мен цехтың жоғары температуралы өндіріс санатына жататыны ауа алмасу сапасына ерекше талаптар қояды. Жұмыс аймағындағы технологиялық шаңды азайту және тұрақты микроклиматты сақтау үшін кәсіпорын заманауи техникалық шешімдерді қолдануды қолға алды.
Биылғы жылдың басында басталған жоба аясында цех ішінде 50-ден астам жаңа желдеткіш қондырғысын орнату жоспарланған. Қазіргі уақытта монтаждау жұмыстары қорытынды кезеңіне өтті. Жаңа жабдықтар қызған ауаны сыртқа шығарып қана қоймай, терезе ойықтары арқылы ішке таза әрі салқын ауаның келуін қамтамасыз етеді.
Желдету жүйесін жаңғыртудың келесі кезеңінде цехтың жалпы ауа алмасу кешенін толықтай жаңарту көзделген.