Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин World Gymnastics президенті Моринари Ватанабэмен және Asian Gymnastics Union президенті Абдулрахман бен Саад Әл-Шатримен ресми кездесу өткізді. Кездесуге сондай-ақ Қазақстан ҰОК-нің бас хатшысы Әлімжан Ақаев пен Қазақстан гимнастика федерациясының президенті Әлия Юсупова қатысты, деп жазады Alash.kz.
ҰОҚ хабарлауынша, тараптар Қазақстан құрамасының алдағы халықаралық жарыстарға қатысуын, сондай-ақ, бірлескен жобаларды жүзеге асыру аясындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады. Әсіресе Аичи-Нагояда өтетін жазғы Азия ойындарына, Дакарда өтетін жасөспірімдер Олимпиада ойындарына және 2028 жылы Лос-Анджелесте ұйымдастырылатын Олимпиада ойындарына қазақстандық спортшылардың дайындығы мен өнер көрсетуіне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар кездесуге қатысушылар әлемдік гимнастиканың қазіргі ахуалы мен даму перспективаларын қарастырды.
Қазақстан ҰОК президенті Геннадий Головкин World Gymnastics пен Asian Gymnastics Union ұйымдары басшылығының Астанаға жасаған сапары зор мәртебе әрі ұйымдар арасындағы өзара ықпалдастықтың жоғары деңгейін айғақтайтынын атап өтті.
"Бүгінде гимнастика Олимпиада бағдарламасында ең көп жүлде сарапқа салынатын спорт түрлерінің бірі. Сондықтан біз үшін халықаралық спорт ұйымдарымен ынтымақтастықты нығайту аса маңызды. Сонымен қатар қазақстандық төрешілердің біліктілігін халықаралық талаптарға сай жетілдіру қажет деп санаймыз. Бұл олардың әлемдік деңгейдегі ірі жарыстарда төрелік етуіне мүмкіндік беріп қана қоймай, ұлттық төрешілік мектептің дамуына серпін береді әрі спортшыларымыздың әлеуетін толық ашуға қосымша жағдай жасайды", - деді Қазақстан ҰОК басшысы.
Қазақстан гимнастика федерациясының президенті Әлия Юсупова гимнастиканы одан әрі дамытудың басты шарттарының бірі халықаралық стандарттарды үздіксіз жетілдіру және тәжірибе алмасуды тұрақты түрде жалғастыру екенін атап өтті.
"Қазақстан гимнастика федерациясы ретінде біз барлық бағыттарды, оның ішінде олимпиадалық дисциплиналарды жүйелі түрде дамытып келеміз. Біздің міндетіміз - спортшыларды даярлаудан бастап жаттықтырушылар әлеуетін арттыруды, жарыстар өткізуді, өңірлермен жұмысты және халықаралық ынтымақтастықты қамтитын біртұтас жүйе қалыптастыру. Бүгінде World Gymnastics пен Asian Gymnastics Union жарыстарды ұйымдастыру, төрешілерді даярлау және гимнастиканы дамыту тәсілдерін жаңғыртып жатқан заманауи шешімдерді белсенді енгізуде. Біз үшін осы үдерістердің бір бөлігі болып, халықаралық озық тәжірибені енгізу және қазақстандық спортшылардың, жаттықтырушылар мен төрешілердің әлемдегі ең жоғары талаптарға сай жұмыс істеуіне жағдай жасау аса маңызды", - деді Әлия Юсупова.
Кездесу барысында World Gymnastics пен Asian Gymnastics Union басшылары Қазақстан гимнастика федерациясының қызметіне қолдау білдіріп, оның гимнастика спорт түрлерін дамытуға қосып отырған үлесін және жүйелі жұмысын жоғары бағалады.
Сонымен қатар тараптар Қазақстандағы спорттық инфрақұрылымның даму деңгейі мен ірі халықаралық жарыстарды өткізу әлеуетіне жоғары баға беріп, болашақта елімізде халықаралық турнирлердің бірін ұйымдастыру мүмкіндігін қарастыруға қызығушылық танытты. Атап айтқанда, Абдулрахман бен Саад Әл-Шатридің айтуынша, Қазақстанда Азия чемпионатын өткізуге толық мүмкіндік бар.
World Gymnastics президенті Моринари Ватанабэ мен Asian Gymnastics Union президенті Абдулрахман бен Саад Әл-Шатри қазақстандық тарапты 2029 жылғы қысқы Азия ойындарын өткізу құқығына ие болуымен құттықтады. Олар бұл шешім халықаралық спорт қауымдастығының Қазақстанға деген жоғары сенімін және еліміздің ірі көпсалалы спорттық іс-шараларды ұйымдастырудағы мол тәжірибесін айқын көрсететінін атап өтті.
Кездесу соңында тараптар әріптестікті одан әрі нығайтуға, ынтымақтастық аясын кеңейтуге және бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға ниетті екенін растады.