Мемлекет басшысы АҚШ Қаржы корпорациясының халықаралық даму жөніндегі атқарушы директоры Бен Блэкті қабылдады, деп жазады Alash.kz.
Ақорданың хабарлауынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мейманға ілтипат танытып, бұл сапар Вашингтонда қол жеткізілген келісімдердің жалғасы, сондай-ақ АҚШ-пен сан қырлы ынтымақтастықты тереңдету жолындағы маңызды қадам саналатынын атап өтті.
Мемлекет басшысының айтуынша, Ақ үй әкімшілігіне Дональд Трамп келгеннен бастап Вашингтон Астанамен және Орталық Азия аймағымен ықпалдастықты айтарлықтай жандандыра түскен.
– Біз АҚШ Президентінің дипломатияға деген батыл көзқарасын және прагматикалық ұстанымын толық қолдаймыз. Қазақстан Американың Ибраһим келісімдері, Бейбітшілік кеңесі, TRIPP бастамасы және басқа да негізгі жобаларын ілгерілетуге белсенді атсалысуда. Бірлескен күш-жігеріміз бүгінде бұрынғыдан да беки түскен кеңейтілген стратегиялық серіктестігімізге тың серпін берді. Сіздің сапарыңыз Қазақстандағы ауқымды саяси және экономикалық өзгерістермен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл реформалар елімізді ресурстарға тәуелді модельден білімге бағдарланған әртарапты экономикаға көшіруге бағытталған. Корпорацияңыздың инвестициялық басымдықтары Қазақстанның даму күн тәртібіне сай келеді. Біз нақты әрі өзара тиімді ынтымақтастыққа дайынбыз, – деді Президент.