Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Халық үшін қам қылмай, қарын тойғанына мәз болып, мал өліміне күлмейік

23:46, 03 сәуір 2024 575

Назарларыңызға Алаш зиялыларының 1913 жылы «Қазақ» газетінің алғашқы санында жариялаған «Құрметті оқушылар» атты мақаласын ұсынамыз.

«Заманына қарай амалы» деген сөз бар. Мұның мағынасы — заманның түріне қарап істеу. Төңірекке қарасақ, түнерген-түнерген бұлттар көрінеді, түбі қандай белгісіз, не боларын білмейміз. Нұр болып жауып, жерімізді көгертіп, несібемізді молайтар ма? Болмаса, дауыл боп соғып, үйімізді жығып, общинамызды шашып тастар ма?

Көзіміз бұған жетпейді. Жалаң айақ, жалаң бас, жеңдеріміз киіусіз, етектеріміз жиыусыз ашылып, шашылып қамсыз жатқан халықпыз. Күннің не боларына көзіміз жетпей тұр. Дауылды жауын ету қолымыздан келмесе де, үйлеріміз қирамай, общинамыз шашылмай қалуына амал ету керек емес пе? Сол амалға кіруге жұртқа мұрындық болатын нәрсенің бірі газет. Халыққа газетаның керегі қандай екендігін айтып өткеніміз ұнамсыз болмас.

Әуелі газета - халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газета сондай керек. Газетасы жоқ жұрт басқа газетасы бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мақау, көзі жоқ соқыр секілді. Дүниеде не болып жатқанын көру жоқ, не сөйленіп жатқанын есту жоқ, өз пікірін айту жоқ. Бүтін дүние жүзіндегі халықтар телеграм, телефон, пошталардың ортасында, бір-бірімен хабарласып, газета арқылы жұртқа қарап, бір үйдегі адамдай сөйлесіп отыр; дүниеде болып жатқан істер, айтылып жатқан сөздер — кімге пайдалылығын, зарарлы екендігін күні бұрын біліп, пайдалы болса шаттанып, зарарлысынан сақтанып тұрады.

Екінші, газета - жұрттың әулет басына қызмет ететін нәрсе. Олай болатын мәнісі: жұрттың білімді, пікірлі, көргені көп көсемдері, оқығаны көп ғалым адамдары газета арқылы халықтың алдына түсіп, жол көрсетіп, жөн сілтеп басшылық етіп тұрады.

Үшінші, газета - халыққа білім таратушы, олай дейтініміз, газетадан жұрт естімегенін естіп, білмегенін біліп, бірте-бірте білімі молайып, зейіні өсіп, пікірі ашылып, парасаты жетікпекші.

Төртінші, газета - халықтың даушысы. Жұртым деп халықтың арын арлап, зарын зарлап, намысын жоқтайтын азаматтар газета арқылы халықтың сөзін сөйлеп, пайдасын қорғап, зарарына қарсы тұрып, қарғаға көзін шоқытпасқа тырысады.

Халыққа газетаның осындай пайдалы қызметтері бар екендігін білген жұрттар газетаны киетін киімі, ішетін тамағы, үстіндегі үйінен соңғы керек нәрсеге санайды. Газетаның пайдасын білімді, өнерлі халықтар көбірек біледі. Сондықтан неғұрлым білімді, өнерлі халық болса, соғұрлым газета-журналдары көп. Оны мынадан байқауға болады.

1909 жылғы санаққа қарағанда, Америкада шығатын газета һәм журналдың есімі - 12 435, Франсиада - 8940, Германиада - 8000, Италиада - 3120, Русиада - 2058 екен. Ең білімді һәм һөнерлі халық Америка, сол Америкада газета мен журнал бәрінен де көп. Америкада «Сон» деген газетаның үйі 23 қабат, биіктігі 61 сажен. Ондай үйдің бағасы әлденеше миллион боларға керек. Неге десең, ол үй тұрған қалада үй орнының жері ғана екі-үш миллион сом тұрады.

Газетаны жұрт керек қылмаса, миллиондап капитал ол үшін жұмсамас еді. Осылардың бәрі де газета керек нарсе екендігін көрсетеді.

1907 жылғы санаққа қарасақ, Русиада сол жылы 2173 есімді газета һәм журналдар шыққан екен. Оның 1396-сы орыс тілінде, 867-сі басқа тілде. Сол 867-нің ішінде біздің татар қандастарымыздың 30 шамалы газета, журналдары болды. Бізде біреуде болмады. Онан бері 5 жыл өтті. Сол 5 жылдың ішінде газета, журналдардың саны бұрынғыдан да өсті. Біз де құр қалғанымыз жоқ: «Айқап» жорналы шықты. Ол бұрынғыдан гөрі жақсырақ болса, ілгері басқанымыздың белгісі. Бірақ бір адым ілгері басып, соныменен тұрып қалсақ, оныменен алысқа ұзай алмаймыз. Ілгері басқанның. үстіне ілгері басарға керек. Озғандарға жету керек, жеткендерімізден озу керек. Дүниенің төріне тырмысқандар төрден орын алып жатыр. Тырмыспағандар есікте қалып жатыр. Есікте қалмай, төрге тырмысалық. Басқалар төрге қалай бара жатқанына қарап, біз де солардың істегенін істейік.

Басқалардың заманға қарай етіп жатқан амалын көруімізге газет журналдар керек.

«Тау мен тасты су бұзар, адамзатты сөз бұзар» деген нақыл бар. Бұзуға құдіреті келетін сөздің, түзеуге құдіреті келеді. Сөз - қару, бұны бұзуға жұмсасақ, бұзады, түзеуге тұмсасақ, түзейді. Сөзін жұртты түзеуге жұмсай бастаған жұрттың өзі түзеуге бет алғанын көріп тұрмыз. Алыстан іздемей, жақыннан-ақ алайық. Күні кеше өзімізбен шамалас, қатар халық татар қандастарымыз, сөзін жұртты түзеуге жұмсай бастап еді, түзеліп ілгері зарығып бара жатыр.Русша оқығаннан басқа, жастарыңды оқытып, көздеріңді ашып отырған татар.

Бұл татардың бізден ілгері кеткендігі. Олар бізден емес, біз олардан үйреніп жатқанымыз білім дәрежесінде біздің төмендігімізді көрсетті.

Ал Алаштың азаматтары! Ақсақ қойдай басқадан кейін қалғанымыз ба? Жоқ, қалмас амалын іздеп қамданамыз ба? Қалмаймыз десең, қарап жатпалық. Көп істе көп болып жабылайық! Санаулы, саналы халық азаматтары көмек етіп, күш қосып демер деген үміт зор. Қолымнан не келеді деп қорынбаңдар! Ұлтыңа қызмет етуге ниет болса, жұмыс табылғандай. Көп жұмыстың ішінде ауыры да, жеңілі де болады. Қазақтың бітіп, тынып тұрған нәрсесі жоқ. Һәркім әлінен келер жұмысын алсын. Жадымызда болсын! Аз нәрсе көпке себеп болмақшы. Сол демеу, зорға сүйеу болады. Ұлық іс ұсақтан ұлғайады. Кірпіш зор емес, қаласаң қандай зор үй шығады. Шөпшектеп жиып, шөмеледей илеу істейтін құмырсқаны көрмейміз бе? Ұлық іс ұсақ істен құралып, зор болатындығын осылардан аңғаруға болады.

Аталы жұртымыздың, ауданды ұлтымыздың аруақты аты деп, газетамыздың есімін «Қазақ» қойдық. Ұлт үшін деген ұранымыздың ұлғайуына күшін қосып, көмектесіп, қызмет ету қазақ баласына міндет.

Халыққа қызмет етемін десеңдер, азаматтар, тура жолдың бірі осы. Жол ұзақ, өмір қысқа, қолдан келгенін өмір жеткенінше істеп кетелік. Малша оттап, асап ішіп, халық үшін қам қылмай, қарын тойғанына мәз болып, мал өліміне күлмейік. Миллет халін ойымызға алып, қызмет етуді мойнымызға алып, талаптанған бір ісіміз. Құдай сәтін салғай, «әмин» деп қол жайып, «әуп» деп күш қосып, «Алла» деп іске кіріселік!

«Қазақ газеті», №1, 1913 жыл

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар