Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Владимир Соловьёв эфирге шықпай қалды: Орталық Азия туралы мәлімдемесіне қатысы бар ма?

21:34, 15 қаңтар 2026

Ресейлік тележүргізуші әрі пропагандист Владимир Соловьёв соңғы күндері көпшілік назарынан тыс қалды. «Россия-1» телеарнасындағы оның авторлық бағдарламасы белгіленген уақытта эфирге шықпаған, ал «Комсомольская правда» радиосындағы эфирлерде оның орнын өзге журналистер басқан, деп жазады Alash.KZ сайты Ulysmedia.kz дерегіне сүйеніп.

Ресейлік медиасферада Соловьёвтің уақытша немесе толықтай қызметтен шеттетілуі мүмкін деген әңгімелер оның даулы мәлімдемесінен кейін күшейе түсті. Атап айтқанда, тележүргізуші «арнайы әскери операцияны» Орталық Азия аумағында жүргізу ықтималдығы жөнінде пікір білдірген. Бұл сөздер Кремльдің ресми бағытымен сәйкес келмей, Ресей Сыртқы істер министрлігі тарапынан да қолдау таппаған.

Дипломатиялық ортадағы дереккөздердің мәліметінше, Соловьёвтің бұл пікірінен кейін ресейлік дипломаттарға түсініктеме беруге тура келген. Олар аталған мәлімдеменің Ресей билігінің ресми позициясын білдірмейтінін ашық айтуға мәжбүр болған. Бұл жағдай ведомство ішінде наразылық тудырған.

Ақпарат көздерінің хабарлауынша, туындаған жағдайдан кейін Соловьёвті мемлекеттік телеарнадан шеттету мәселесі де қарастырылған. Алайда бұл шешімді Ресей президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Алексей Громов тоқтатқан. Дереккөздердің айтуынша, тележүргізушінің қызметтен кету қаупі шынайы болғанымен, соңғы сәтте кадрлық өзгеріс жүзеге аспай қалған.

Бұған дейін Владимир Соловьёв халықаралық құқық нормаларын елемеуге шақырып, Армения мен Орталық Азия елдерінде «арнайы әскери операция» жүргізу мүмкіндігін талқылауды ұсынған болатын. Оның айтуынша, Ресей алыс аймақтардан гөрі географиялық тұрғыда жақын өңірлерге басымдық беруі керек.

Бұл пікір қоғамда да, ресми құрылымдар арасында да кең резонанс тудырды.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар