Белгілі спорт журналисі Аслан Қаженов «Астана» велокомандасына бөлінетін мемлекеттік қаржының жұмсалуы мен басшылықтың жалақысына қатысты күмән білдіріп, ұжым жетекшісі Александр Винокуровты ашық есеп беруге шақырды, деп хабарлайды Alash.kz.
Желідегі жазбасында тілші:
«ВИНОКУРОВ ЕСЕП БЕРСІН!
Мемлекет қазынасын майшелпекке айналдырған командаларды зерттеуді жалғасытарамын. Кезек «Астана» велокомандасына келді. Құрылғанына 19 жылға жуықтапты. Аталмыш аралықта 100 миллиард теңгеден аса қаржы бөлінді деген әңгіме бар. Осы тұрғыда команда жетекшісі Александр Винокуровтың жауабы керек. Рас па, жоқ па? Жалпы, халықтың аузынан жырып алынған ақша қайда кетіп жатыр? Нақты есебі бүгінге дейін неге берілмеді? Ендеше, қазір беріңіз. Кеш емес. Көпшілік ақиқатын білуі керек. Кез-келген нәрсенің шегі болады. Есепсіз шығын мен біздің шыдам шегіне жетті.
Тағы бір айта кетерлігі, биыл бас менеджер Александр Винокуровтың жылдық сыйақысы 250 мың еуродан 400 мың еуроға дейін өсті деген ақпарат алдық. Сонымен қатар, оның үлкен ұлы командаға ассистент ретінде тіркелген. Ал, кіші ұлын негізгі құрамға ауыстырып, 350 мың еуро сыйақы тағайындаған. Алдағы жылы бұл көрсеткіш 400 мың еуроға өседі екен. Не болып кетті? Қарапайым халық осынша теңге көлеміндегі айлықты армандайды. Ал, бұлар еуролап шашып жатыр. Александр мырза, бұл сандарға қатысты да жауап керек. Рас па, өтірік пе? Неге? Қайда? Қалай?
Елдің намысы, елдің имиджі, анау-мынау деген желеу жақсы ғой. Бірақ, қазір халық бұндайға алданбайды. Шіли осынша шығынмен имидж жасамай-ақ қойыңыз. Оның үстіне қаптаған легионер. Олар Қазақстанда тұрмайды да, Қазақстанды білмейді де. Жалпы өзіңіз соңғы рет Қазақстанда қашан болдыңыз? Сондықтан, нақты есебін беріп, барлығын ашық және жариялы ететін сәт келді. Өтірік көрмеген болып, игнор жасамаңыз. Сөз кезегі сізде...» - деді.