Қарағандыда медициналық мекемеде көз жұмған балаға қатысты Денсаулық сақтау министрлігі тексеріс басталғанын мәлімдеді. Ведомствоның хабарлауынша, оқиға бойынша көрсетілген медициналық көмектің сапасы жан-жақты сараптамадан өтеді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының дерегіне сүйенсек, бала ауру басталғаннан кейінгі екінші тәулікте инфекциялық орталыққа жеткізілген. Жағдайы күрт нашарлаған соң, ол жансақтау және қарқынды терапия бөлімшесіне ауыстырылған.
Дәрігерлер тексеру барысында бактериялық, вирустық және саңырауқұлақ текті қоздырғыштардан туындаған аралас инфекция анықталғанын хабарлады. Сонымен қатар, ауру ағымы айқын иммун тапшылығымен және туғаннан бері вакцина алмағанымен асқынғаны айтылды. Бұл факторлар ағзаның инфекцияға қарсы тұру қабілетін әлсіреткен.
Министрлік мәліметінше, балаға барлық медициналық көмек қолданыстағы клиникалық хаттамаларға сәйкес толық көлемде көрсетілген. Емдеу тактикасы бірнеше рет республикалық деңгейдегі консилиумдарда, жетекші мамандардың қатысуымен қаралған. Сондай-ақ экстракорпоральдық мембраналық оксигенация (ЭКМО) әдісін қолдану мүмкіндігі де талқыланған.
Алайда жүргізілген қарқынды терапияға қарамастан, баланың өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған.
Қазіргі уақытта тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, объективті тексеріс жүргізілетіні хабарланды. Министрлік қоғам мен БАҚ өкілдерін тек ресми әрі тексерілген ақпаратқа сүйенуге және асығыс қорытынды жасамауға шақырды.