Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары - елдің рухын көтерген тарихи оқиға" - Ерлан Қарин

10:06, 14 қыркүйек 2024 409

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары жайлы пікір білдіріп, халықаралық дүбірлі доданың қоғамдық-саяси маңызын талдады, деп хабарлайды Alash.KZ ұлттық порталы.

Бүгін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары мәресіне жетті. Бұл – жай спорт бәсекесі емес, елдің рухын көтерген тарихи оқиға. Көшпенді жұрттың болмыс-бітімімен, күнделікті тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасқан ойындар жанкүйерлердің жүрегіне жол таба білді. Сондықтан осы ойындарды нағыз халықтық сипаты бар іс-шара деуге болады.
​Ұйымдастырушылардың еселі еңбегінің арқасында байрақты бәсеке жоғары деңгейде өтті. Әсіресе, ашылу салтанаты елдің есінде қалатындай өте әсерлі болды. Оны әлеуметтік желіде жұртшылық жарыса жазып жатты. Шығармашылық топ көшпенділер өркениетінің озық өркениет екенін күллі әлемге паш етті. Жалпы, ашылу рәсіміне 4 мыңға жуық адам атсалысты. Атап айтқанда, тек көріністерді сахналауға 3 мыңға жуық әртістер, бишілер, актерлер және басқа да өнерпаздар, іргелі өнер ұжымдары жұмылдырылды. Бұдан бөлек, 1 мыңға жуық режиссерлер, хореографтар, сценаристер, композиторлар, қоюшы-суретшілер, костюм бойынша суретшілер, графика суретшілері сахна сыртында ауқымды жұмыс атқарды. Мұның бәрін өзіміздің азаматтар жасады, яғни шет мемлекеттерден бірде-бір маман тартылған жоқ. Сондай-ақ еріктілер, сарбаздар мен жұмысшы мамандар да аянып қалмады. Ашылу салтанатының өте жоғары деңгейде өтуі қазақ өнерінің өсіп-өркендеп келе жатқанын айғақтайды.
Сонымен, Ұлы дала төсінде тоқсанға жуық елдің сайыпқырандары күш сынасты. Алыс-жақын шетелден және еліміздің әр түкпірінен келген жанкүйерлер олардың өнерін тамашалап, тілеулес болды. Мұның бәрі халықтар арасындағы ынтымақтастықты нығайта түседі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде «Бұл – бірлік пен татулықтың тойы» деп айрықша атап өтті. Қорыта айтқанда, «Ұлы дала дүбірі» деген атпен тарихта қалатын V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында достық пен бауырластық салтанат құрып, жан-жақты дәріптелді - деді Ерлан Қарин.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар