Қаскелең қаласындағы Сәтбаев атындағы орта мектепте тоғызыншы сынып оқушысының кенеттен қайтыс болуына байланысты қайғылы оқиғаның мән-жайы анықталды, деп хабарлайды Alash.kz.
15 жастағы жасөспірімнің денсаулығы бірінші сабақтан кейінгі үзіліс кезінде күрт нашарлаған. Мектеп директоры Рысбүбі Дүйсебаеваның мәліметінше, оқушы айналасындағыларға басының айналып, жүрегі айнып тұрғанын айтып шағымданған. Оқиға орнына жедел жеткен медицина қызметкерлері жасөспірімді реанимациялау шараларын жүргізгенімен, оны аман алып қалу мүмкін болмады. Сот-медициналық сараптаманың алдын ала қорытындысы бойынша, өлімге миға қан құйылуы мен мидың ісінуі себеп болған.
«Балалар оның басы айналып, жүрегі айнығанын айтты. Жедел жәрдем шақыртылды. Сот-медициналық сараптаманың нәтижесі бойынша жасөспірімнің миы ісінгені белгілі болды. Нақтырақ айтқанда, миына қан құйылған», - деді мектеп директоры.
Білім ошағының басшылығы қайтыс болған оқушының үлгілі тәртібімен және зеректігімен ерекшеленгенін, спортпен шұғылданып, ешқандай қақтығыстарға қатыспағанын атап өтті. Қазіргі уақытта құзырлы органдар оқиғаның толық себеп-салдарын зерттеп жатыр.