Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық соты күйеуінен әбден қорлық көріп, оны өлтіруге тапсырып берген, деп хабарлайды Alash.kz Azattyq Rýhy сайтына сілтеп.
Эльвира Еркебаева мен қылмыстық іске қатысы бар 33 жастағы Максим Кузнецовтың кінәсі дәлелденсе, олар 15-20 жыл аралығына немесе өмір бойына сотталып кетуі мүмкін.
Әйел басынан өткен оқиғаны айтып берген кезде сот залында отырған бүкіл әйел көзіне жас алып, ер адамдар басын төмен салып отырған.
Эльвира Еркебаеваны 7 айлығынан әжесі тәрбиелеген. Ол 19 жасында Ербол Еркебаевқа тұрмысқа шығады. Отбасылық өмірінің алғашқы жылдары бақытты өткен, кейін күйеуі қит еткенді сылтауратып, ұрып-соғатынды шығарады. Бір-екі рет үйден кетіп қалған Эльвираны кешірім сұрап, қайтарып алып жүрген. Әйел тіпті күйеуінің мектеп оқушысымен кездесіп жүргенін біліп қойған. Айтуынша, күйеуінің телефонынан 11-сынып оқитын қыздың жалаңаш суретін көреді. Бірде Эльвираға белгісіз әйел қоңырау шалып Ербол Еркебаевтың тыныштық бермей жүргенін айтып, күйеуін сабырға шақыруын өтінеді. Мұны естіген Ербол Эльвираны балағаттап, басына тапанша тақаған.
Әйел бүкіл туыс-туғанына, қайын жұртына болған жағдайды айтады, бірақ олар «отбасың үшін шыда» деп жалынған.
Эльвираның сөзінше, күйеуі күннен күнге ашуланшақ, қатігез бола бастайды. Құрбыларымен сөйлестірмей, үйден шықса, балаларының көзінше тепкілеп, үстіне қайнаған суды төңкеріп, қыстың күні киімсіз далаға қуған кездері де болған. Туған ұлы мен қызын да балағаттап, қорлайтын сөздер айтып келген. Әйел бұл қасіретке шыдай алмай, тамырын кеседі, бірақ күйеуі жеке емханаға апарып, терісін тіктіреді.
Эльвира полицияға бірнеше рет шағамданғанын айтады. Бірақ құқық қорғау органдары оның күйеуіне ештеңе істей алмайтындарын ашық айтқан.
«Құқық қорғау органдарында одан бәрі қорқады. Қылмыс әлемінде оның байланысы бар, достары бар. Ақсайдағы адамдар да одан қорқатынын айтып, жолағысы келмейді», - дейді әйел.
Оның сөзінше, 2018 жылға дейін Ербол Еркебаевты біреулер атып, аяғын кестіріп тастағанша күзетші болып істеген. Қазір оның жеке күзет агенттігі бар екен. Элвираның өзі есепші болып істеген. Аяғы ауыр кезінде онлайн жұмысқа көшіп, кейін жеке бизнеске кетеді. Ол спорт клубын ашып, несиесін 7 жыл бойы төлеп келеді. Бірақ қазір клубты Ербол Еркебаев басқаруына алған, сондай-ақ Эльвира Еркебаеваның әжесінен қалған екі бөлмелі үйін де тартып алған. Әйел кезекті рет суицид жасауға талпынып, тағы да емханадан бір-ақ шығады. Алайда үйіне қайтып оралмайды. Ол ең жақын деген үш адамына ғана айтып, пәтер жалдап тұрып жатады. Оның тамағын белгілі адамдар әкеліп беріп, қоқысын да басқалар шығарып тастап жүреді. Қауіпсіздігі үшін алаңдаған Эльвира бір күні интернеттен травматикалық тапаншаны көріп, бірақ оны сатып алуға батпайды.
Осылайша бір жыл бойы тығылып өмір сүрген уақытында оған екінші сотталушы Максим Кузнецов хабарлама жазған.
«Ол спортзалға келіп жүретін, содан танимын. Кейде қайырымдылықпен айналысатын. Менің көптен көрінбей кеткеніме алаңдап жазыпты. Мен күйеуімнен қорқып, тығылып жүргенімді айтқанымда, ол көмек керек болса айтуымды сұрады. Мен одан пневматикалық тапанша алып жүруге рұқсат бар ма екен деп сұрадым», - дейді әйел.
2023 жылдың желтоқсан айында Эльвираға Максим Кузнецов тағы да хат жазады. Ол тапанша тапқанын, бірақ ол суық қаруға жататынын айтады. Кузнецов Ерболды ешқандай травматикалық тапаншамен қорқыту мүмкін емес екенін, оны тек суық қару ғана тоқтататынын айтып, Галиев деген адамнан қаруды сатып алуға әйелді көндіреді.
Сол жылы ақпан айында Эльвира Галиевпен алғаш рет кездеседі. Галиев бұрын түрмеде отырып шыққан екен. Ол Ерболды жақсы танитынын және өзінің онда кеткен кегі барын айтып, «мәселені өзім шешемін» дейді. Бұл кезде адам өлтіру туралы әңгіме болмаған. Әйел «мәселені өзара еркекше шешеді» деп ойлаған.
Галиев тапанша үшін 600 мың теңге сұратқан. Эльвира Максим арқылы ақшаны жібереді. Кейін тағы 500 мың теңге сұратып, тамағы мен тұратын орнына төлеуін талап етеді.
Осы тұста бір нәрсенің дұрыс емес екенін әйелдің іші сезеді.
«Егер тапаншаға қатысты болса, ешқандай ақшаны қайтармасын, ештеңе қажет емес» дейді ол.
Бірақ Галиев Максимге «артқа қайтар жол жоқ, мәселені шешемін» дейді. Егер келіспесе екеуін куәгер ретінде көзін құртатынын айтады.
Сот судья Динара Гилманованың төрағалығымен өткен. Сотқа 35-55 жас аралығындағы 11 алқаби қатысты. Процесс жалғасып жатыр.