Ауғанстанның Құндыз қаласынан шыққан 13 жастағы жасөспірімнің әрекеті бүкіл әлемнің назарын аудартты. Ол жексенбі күні таңертең Кабул әуежайына жасырын кіріп, Тегеранға баруды көздегенімен, бағытты шатастырып, Үндістан астанасы Делиге ұшатын KAM Air әуе компаниясының рейсіне мініп кеткен, деп жазады Alash.KZ.
Әуе компаниясының RQ4401 рейсі таңғы уақытта ұшып шығып, бір жарым сағаттан астам уақыт әуеде болған. Осы аралықта жасөспірім ұшақтың артқы шассисі орналасқан дөңгелек қуысына жасырынған. Әдетте мұндай биіктікте ауа температурасы –50°C-ге дейін төмендеп, қысым төмендейді. Бұл жағдайда адамның аман қалуы медицина мамандарының айтуынша, “ғажайыппен” тең. Соған қарамастан, 13 жастағы бала тірі қалып, Дели әуежайына қонған сәтте көзге түсті. Ақ түсті киім киген жасөспірімді әуежай қызметкерлері байқап, бірден қауіпсіздік қызметіне тапсырған.
Орталық өнеркәсіптік қауіпсіздік күштерінің (CISF) ресми өкілдері баланың бастапқыда Иранға баруды жоспарлағанын мәлімдеді. Әуежай қызметкерлері тексеріс жүргізу кезінде ұшақтың шассисі маңынан қызыл түсті шағын дыбыс зорайтқыш тапқан. Бұл да баланың қасында болған ерекше зат ретінде тіркелген.
Кешке қарай шамамен сағат 16:00-де жасөспірім KAM Air әуе компаниясының кері бағыттағы рейсімен (RQ4402) Кабулға қайтарылды. Қазіргі уақытта оның мұндай қауіпті қадамға не үшін барғаны белгісіз болып отыр.
Әуе қауіпсіздігі мамандары мұндай жағдайлардың сирек кездесетінін, ал тірі қалу ықтималдығы тым аз екенін айтады. Сондықтан бұл оқиға халықаралық БАҚ-та “нағыз ғажайып” ретінде бағалануда.