Қарағанды әуежайында төтенше жағдайға байланысты Fly Arystan компаниясының Қарағанды – Анталия бағыты бойынша ұшағы 12 сағаттан астам уақытқа кешікті, деп хабарлайды Alash.kz.
Бастапқыда 23 тамыз күні сағат 10:25-те ұшуы тиіс рейс техникалық себептермен орындалмай, шамамен 200 жолаушы әлі күнге дейін әуежайда күтіп отыр.
Қарағандыға өзге қалалардан келген көптеген жолаушы компания қызметіне наразылық білдіруде. Олардың айтуынша, әуе компаниясы қонақүй ұсынбаған, ал тамақтандыру мен қажетті жағдайларды қамтамасыз етпеген. Сонымен қатар, тасымалдаушы ұшақты ауыстырудан бас тартқан. Бұл жағдай жолаушылардың ашу-ызасын туғызды.
Fly Arystan баспасөз қызметінің ресми түсіндірмесінде, лайнер Қарағандыға қонған соң құспен соқтығысып, соның салдарынан қосымша техникалық тексеріс қажет болғаны айтылады. Компания инженерді әуежайға арнайы жіберген.
“Жолаушыларға сусын мен ыстық тағам берілді. Алайда қонақүй қарастырылмаған, себебі рейс кешігуі әуе компаниясының бақылауынан тыс себептерге байланысты орын алды”, – деп мәлімдеді компания өкілдері.
Алдын ала жоспар бойынша Қарағанды – Анталия FS 7917 рейсі кешкі сағат 22:40-та ұшуы тиіс.
Айта кетейік, соңғы уақытта Fly Arystan рейстеріне қатысты түрлі жағдайлар жиі тіркелуде. Жақында Алматы әуежайында орын алған жанжал да қоғам назарын аударған еді. Ол кезде жолаушы компания қызметкерінен қазақ тілінде жауап беруді талап етіп, дау-дамай салдарынан рейс кешіктірілген болатын.