Әлинұрдың отбасы бірнеше мәрте дәрігерлерге жүгінген. Алайда жүргізілген тексерулер мен талдаулар баланың денсаулығында айтарлықтай ауытқуларды анықтамаған. Дәрігерлер тыныштандыратын дәрілер тағайындағанымен, олар айқын нәтиже бермеген.
Баланың анасы Айнаш Қайпбаева ұлының ұйқысы күн өткен сайын азайып бара жатқанын айтады. Оның сөзінше, түнгі уақыт бүкіл отбасы үшін үлкен сынаққа айналған.
Ал Әлинұрдың өзі ұйықтағысы келгенімен, мүлде ұйықтай алмайтынын айтады. Ерте жатса да, тек түн ортасынан кейін ғана көзі ілінеді. Таңертең жиі басы ауырып, көзі ісініп, әлсіздік сезінеді. Кейде түс көргендей болады, алайда сағатқа қараса, бар болғаны бірнеше минут қана өткенін аңғарады.
Мамандардың айтуынша, бұрын ұйқысыздық көбіне егде жастағыларға тән мәселе саналса, қазір бұл жағдай балалар арасында да жиі тіркеле бастады. Себептердің бірі смартфонды шамадан тыс пайдалану болуы мүмкін.