Батыс Қазақстан облысында қатты боран салдарынан үш адам далада үсіп қалып, қаза тапты, деп хабарлайды Alash.kz.
Облыста түннен бері жоғалған ауыл тұрғындарын іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жексенбі күні облыстың көп бөлігінде желдің жылдамдығы мен қар түсуіне байланысты жолдардың басым бөлігі жабылған болатын. Құтқарушылар бірнеше рет тұрғындарға елді мекендерден шықпауға ескерту жасаған.
Алайда, бес ауыл тұрғыны далаға шығып кеткен. Солардың бірі көрші ауылға жаяу жетуге әрекет жасап, екеуі малын іздеп адасып кеткен. Қазіргі уақытта үш адамның мәйіті табылды, ал бір ер адам тірі қалды. Аяқ-қолдары қатты тоңған 54 жастағы Ақжайық ауданы тұрғыны Оралға жеткізілді.
Қаза болғандар Жәнібек, Қазталов және Бөкей ордасы аудандарының тұрғындары болып шықты. Олардың жасы 25-тен 57-ге дейін. Соңғы жоғалған 54 жастағы Жәнібек ауданы тұрғынын іздеу жұмыстары жалғасуда.
Құтқару операциясына жергілікті әскери бөлімнің 20 қызметкері, төтенше жағдай және полиция қызметкерлері, сондай-ақ ауыл тұрғындары қатысуда. Қолданылған техника саны - 8 бірлік.
Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды ауа райы нашар болған жағдайда далаға шықпауға шақырып отыр.