Адам баласының өмірдегі бүкіл ұстанымы мен дүниетанымының, ішкі мәдениеті мен жауапкершілігінің бастау-бұлағы мектепке дейінгі шақта қаланатыны – уақыт дәлелдеген ақиқат. Бұрын қаржылық білім беру ересектердің еншісіндегі күрделі ұғым саналатын. Қазір ше? Бүгінгі цифрлық заман бұл түсінікті түп-тамырымен өзгертті. Өйткені, жаңа буын – дүниеге келген күннен бастап жарқыраған заманауи жарнамалар мен виртуалды төлемдердің, маркетингке байланған ортада өсіп келе жатқан ұрпақ. Егер біз баланы тұрымтайдай шағынан бастап бұл құбылыстың мәнін ашуға бағыттамасақ, ақша оның санасында банкоматтың тар қуысынан өздігінен шығатын немесе пластик картаны тигізгенде пайда болатын «бұйым» ретінде қала береді. Сондықтан мектепке дейінгі тәрбие жүйесінде қаржылық сауаттылықты қалыптастыруды бұл құрғақ экономикалық терминдерді жаттату деп білмей, баланың бойында сабырлылықты, жауапкершілікті, сауатты таңдау жасауды және біреудің еңбегі мен ресурсын бағалауды орнықтыратын тұлғалық тәрбиенің ең басты іргетасы ретінде түсінуіміз тиіс!
ТӘЙ-ТӘЙ БАСҚАН БҮЛДІРШІН АҚШАНЫ АЛЫСТАН ТАНИДЫ
Бала санасындағы қаржылық түсініктің алғашқы бейсаналық ұшқындары біз аңғара бермейтін күнделікті өмірлік жағдайлар мен ұлттық дәстүрімізден-ақ қылаң береді. Соның бірі – бабадан жеткен киелі тұсаукесер салты. Қаз-қаз басқан сәбидің алдына домбыра, кітап, қаламмен қатар ақша қойылғанда, көпшілік бүлдіршіннің дәл осы ақшаға қол созатыны – өмірде жиі кездесетін кейс. Неліктен енді ғана еңбектеуден тәй-тәйлауға көшкен сәби ақшаны таңдайды? Бұл оның бойындағы туа біткен ақшақұмарлық емес екені анық қой. Демек, бұл – ересектер әлемінен дарыған бейсаналық импульс. Балада әлі ақша деген экономикалық категория, оның сатып алу қабілеті туралы түсінік атымен жоқ. Бірақ ол үлкендердің ақшаны қалай ұстайтынын, оған қалай ерекше мән беретінін, тіпті оны қолдан қолға өткізгендегі жүздеріндегі шырай-шындықты іштей сезеді. Сәбидің назарын аударатын – ақшаның өзі емес, ересектердің сол затқа деген ерекше ықыласы мен назары.
Екінші бір ғибратты кейс – сәбиге ұқыптылық пен тазалықты үйрету кезіндегі реакциясы. Әдетте, үстел үстіндегі немесе бөлмедегі шашылып жатқан заттарды, қыл-қыбырды, ұсақ-түйекті «қоқысқа таста» деп тапсырма бергенде, бала бәрін жинап апарып жәшікке салғанымен, қолындағы банкнотты немесе тиынды ешқашан қоқысқа қимайды. Басқа заттың бәрін бұйым құрлы көрмей лақтырған сәбидің дәл ақшаға келгенде іркілуі – оның санасында ақшаның жай ғана қағаз емес, ерекше мәні бар, лақтыруға болмайтын құндылық деген алғашқы түсініктің оянғанын білдіреді. Бұл екі өмірлік мысал да бір шындықты анық көрсетеді. Яки, баланың қаржылық сауаттылығы тыңнан пайда болмайды. Ол – баланың өзін қоршаған ортаны көзбен көріп, көңілге тоқуының, үлкендердің мінез-құлқын айнадай шағылыстыруының нәтижесі.
Педагогика мен нейробиология ғылымы балабақша жасындағы қаржылық тәрбиенің маңыздылығын іргелі пайымдар арқылы дәлелдейді. Кембридж университетінің сарапшылары жүргізген ауқымды зерттеулерге сәйкес, баланың қаржылық әдеттері мен функциялық мінез-құлқының іргетасы жеті жасқа дейін қалыптасып үлгереді. Бұл жаста баланың миы қоршаған ортадағы тұтынушылық модельдерді сіңіріп, шектеу, меншік, айырбас сияқты түсініктерді өмірлік әдетке айналдырады.
Мектепке дейінгі жас – «қажеттілік» пен «қалау» айырмашылығын түсінетін алтын кезең. Балабақша жасындағы баланың басты психологиялық ерекшелігі – импульсивтілік. Дүкендегі «алып бер!» деген еркелік баланың жамандығынан емес, өмірлік қажеттілік пен уақытша қалаудың аражігін ажырата алмауынан туындайды. Бала азық-түлік пен киімнің өмірлік қажеттілік, ал жаңа ойыншық немесе тәттінің уақытша қалау екенін түсінгенде, онда өзін-өзі реттеу мен критикалық ойлау дағдысы дамиды. Бұл ретте ақшаны үнемдеу сабырлылыққа және Стэнфорд университетінің әйгілі «Маршмеллоу эксперименті» дәлелдегендей, кейінге қалдырылған марапатқа тәрбиелейді. Жинақ сандықшасы мен кішігірім мақсат қою балаға сұрағанының бәрі сәт сайын орындала бермейтінін, мақсатқа жету үшін сабыр мен уақыт керектігін ұғындырады. Сонымен бірге, бұл процесс тек ақшамен шектелмей, жарықты, суды үнемдеу, ойыншықтарды ұқыпты ұстау, ата-ананың еңбегін бағалау сияқты экологиялық әрі әлеуметтік жауапкершілікке де ұласады.
ҚАРЖЫЛЫҚ ТӘРБИЕ: МАМАНДАР НЕ ДЕЙДІ?
Мектепке дейінгі жастағы баланың ішкі әлемі мен қаржылық түсінігінің дамуын практик мамандар да толық растайды. Балалар психологы Жансәуле Нұрғалиқызы бұл жөнінде:
«Баланың дүкенде каприз көрсетіп, ойыншықты табандап сұрауы – бұл ақшаның құнын білмегендіктен емес, өз ішкі эмоциясын бағындыра алмауынан туындайтын құбылыс. Балада үш пен алты жас аралығында «менікі» және «өзгеде де бар» деген шекара қалыптасады. Егер біз бұл кезеңде балаға бәрін шектей бермей, немесе керісінше, айтқанының бәрін орындай бермей, таңдау мүмкіндігін ұсынсақ, үлкен нәтижеге жетеміз. Баланы «ақша жоқ» деп қорқыту емес, «біз бұл ақшаға қазір сенің денсаулығыңа пайдалы жеміс аламыз ба, әлде келесі аптада сен армандаған кітапты аламыз ба?» деп таңдауға үйрету керек. Таңдау жасаған бала өз шешіміне жауап беруді және сабыр сақтауды үйренеді. Қаржылық сауаттылық – бұл, ең алдымен, эмоциялық интеллект пен өзін-өзі меңгеру өнері», — деп атап өтеді.
Сондай-ақ, педагог-логопед Жайдары Шақиқызы да бұл процестің сөйлеу мен ойлау жүйесіне тигізер әсерін былайша саралайды:
«Көптеген ата-аналар қаржылық сауаттылық пен сөйлеу тілінің дамуы арасындағы байланысты аңғара бермейді. Тіл – бұл ойлаудың көрінісі. Балабақшадағы сюжеттік-рольдік ойындар барысында баланың белсенді сөздік қоры ғана дамып қоймайды, сонымен бірге диалогтық сөйлеу мәдениеті, сұрақ қою, өз қажеттілігін заңды түрде жеткізу дағдылары шыңдалады. Бала сатушы мен сатып алушы рөлінде «қанша тұрады?», «маған айырбастап бересіз бе?», «рахмет» деген әлеуметтік-коммуникативтік фразаларды қолдану арқылы ақшаның айырбас құралы екенін сөз арқылы ұғынады. Бұл балада абстрактілі ойлауды дамытып, сөйлеу тілінің логикалық жүйесін қалыптастыруға тікелей әсер етеді».
Осы теориялық әрі психологиялық негіздердің балабақша тәжірибесінде қалай жүзеге асып жатқанын Астана қаласындағы №67 «Шұғыла» балабақшасының меңгерушісі Әсел Ғабитқызы өз сұхбатында айқын баяндап береді:
«Балабақшамызда балалардың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған практикалық сабақтар жүйелі түрде жүргізіледі. Мысалы, тәрбиеленушілерге ақшаның маңызы мен оны қалай жұмсау керектігі түсіндіріліп, топ ішінде арнайы макеттер арқылы банкоматтар жасалып, бейнематериалдар көрсетіледі. Өткен оқу жылында балалар Астана қаласындағы 'Бамбино' заводына барып, балмұздақтың қалай жасалатынын көріп, өздері тапқан ақшаға немесе ата-аналары берген қаражатқа дүкеннен сауда жасау тәжірибесінен өтті. Қазіргі заманауи кезеңде тіпті төрт жастағы балалардың өзінде Каспий Gold карталары кездесетіндіктен, мұндай заманауи құралдарды балалардың күнделікті өмірі мен ойынында қалай дұрыс қолдану керектігін үйрету бағытында да түрлі тәжірибелік қадамдар қарастырылып жатыр. Жалпы, бұл тақырып қоғамда өте өзекті, себебі үлкендерге қаржылық сауаттылықты үйреткенімен, олар әлі де алаяқтардың арбауына түсіп қалып жатады. Сондықтан бұл маңызды істі ең кішкентай жастан, балабақша қабырғасынан бастап, балаларға ақшаны қадірлеуді, оны саналы түрде жұмсауды және сауатты әрекет етуді үйретудің мәні зор».
ЖОҚШЫЛЫҚТЫҢ ДА, ТОҚШЫЛЫҚТЫҢ ДА БАЙЫБЫНА БАРАТЫН ҰРПАҚ ӨСІРУ
Астаналық мектепке дейінгі ұйымның бұл іс-тәжірибесі қаржылық тәрбиенің абстрактілі ұғымнан өзге, заманауи цифрлық шынайылықпен тығыз астасып жатқанын айқындай алады. Дегенмен, заманауи педагогиканың алдында тұрған басты сауал – төрт жасар баланың қолындағы пластик картаны немесе электронды ақшаны қалайша виртуалды құрал емес, «еңбекпен келетін шекті ресурс» ретінде сезіндіруге болады?
Міне, дәл осы түйткілді шешуде Alash.kz ұлттық порталы тілшісі «Smart Fin-Child» (Активті қаржылық-педагогикалық интеграция) жаңашыл концептуалды шешімін ұсынамыз. Цифрлық технологияны баланың физикалық қабілеті және ойын арқылы жүзеге асатын психологиялық «Nudge» әдісімен ұштастыра отыратын үш негізгі сатыны атай аламыз.
Біріншісі – «Ақшаның цифрлық іздері» симуляциясы. Балабақшадағы Каспий Gold немесе ойын карталары тек зат сатып алуға емес, ең алдымен, баланың күнделікті шағын жетістіктері мен еңбегіне (мысалы, ойыншықтарын жинау, өсімдіктерді суару, досына көмектесу) сай берілетін «экологиялық бонус-ұпайлармен» толығады. Бала ақшаның картаға «аспаннан түспейтінін», оның артында өзінің немесе ата-анасының нақты күш-жігері тұрғанын көреді.
Екінші саты, «Көрнекі виртуалды бағдаршам» технологиясы. Бала сауда жасағанда, интерактивті экран немесе балабақша кассасы жұмсалып жатқан қаржының мөлшерін жасыл, сары және қызыл түспен көрсетеді. Жасыл түс – өмірлік қажеттіліктер. Сары - пайдалы білім мен даму, қызыл – уақытша эмоциялық қалаулар. Балада виртуалды ақшаның «таусылатыны» туралы визуализацияланған психологиялық сигнал қалыптасады. Ақшаны жұмсалуына қарай бөліп отыру – ересектер арасында да кеңінен танымал.
Үшіншіден, «Зауыттан – саудаға» интерактивті өндірістік тізбегі. Астаналық «Шұғыла» балабақшасы жүзеге асырған «Бамбино» зауытына экскурсия тәрізді сапарларды жүйелеп, баланы өндіріс процесін өз көзімен көретін «өнім жасаушы» рөліне қою. Осылайша, бала тек тұтынушы емес, еңбектің авторы ретінде ақшаның шынайы нарқын бағамдайды. Жиі жәрмеңкелерге шығарып, еңбектің сатылатынын да санаға құю керек.
Балабақша қабырғасында қаланған қаржылық сауаттылық – ресурсты бағалай білетін, еңбекті сыйлайтын, жауапкершілігі жоғары және рухани тұрғыдан кемел тұлғаны тәрбиелеудің алтын діңгегі. Ерте жастан құндылықты құрметтеп өскен бала келешекте тоқшылықтың да, жоқшылықтың да байыбына бара алатын, өмір толқынында өз жолын адаспай табатын парасатты азамат болып қалыптасады.