Үндістанның Уттар-Прадеш штатындағы Джаунпур қаласында 24 жастағы азамат медициналық университетке түсу мақсатында өзіне әдейі ауыр жарақат салған. Ол осы арқылы мүгедектік туралы анықтама алуды көздеген. Бұл туралы Alash.kz ұлттық порталы хабарлайды.
The Times of India басылымының мәліметінше, фармацевт мамандығы бойынша білімі бар Сурадж Бхаскар полицияға екі бейтаныс адамның шабуыл жасап, оны ауыр жарақаттағанын айтып арызданған. Осы дерек бойынша құқық қорғау органдары бастапқыда «адам өлтіруге оқталу» бабымен қылмыстық іс қозғаған.
Алайда тергеу барысында күдіктінің берген түсініктемелері бір-біріне қайшы келіп, ол оқиғаның мән-жайын бірнеше рет өзгерткен. Кейінірек шынайы деректер Сурадждың жеке күнделігін тексеру кезінде анықталған. Жазбалардан оның 2026 жылы медициналық оқу орнына түсуді жоспарлағаны белгілі болған.
Тергеу аясында күдіктінің сүйіктісі де жауап беріп, Сурадждың медицина факультетінде оқуға қатты ынталы болғанын, бұған дейін шетелдік медициналық ұйымдар арқылы қажетті құжаттарды рәсімдеуге тырысқанын, алайда бұл әрекеттері сәтсіз аяқталғанын айтқан.
Полиция тексерісі барысында «шабуыл» болған түні оған ешкімнің жақындамағаны анықталды. Нәтижесінде Сурадж Бхаскар жарақатты өзі әдейі жасағанын және мүгедек мәртебесін алу үшін осындай әрекетке барғанын мойындады. Тергеу нұсқасын оның үйінің маңынан табылған медициналық құрал-жабдықтар да растаған.