Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Умраға апарамын: Имам 90-ға таяған қарияны алдап ақшасын тартып алған (ФОТО)

14:31, 19 қараша 2024 1495

Тараз қаласындағы орталық мешіттің имамы 90 жасқа тақаған ақсақалды алдағаны белгілі болды, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы. 

Бұл туралы Ораз Әлімбековтың фейсбуктегі парақшасына  жариялады.

«Тараз: орталық мешіттің имамы 90-ға таяған ақсақалды «лақтырып» кетті. Бас мүфти Наурызбай Өтпенов ай қарап отыр ма?! Тоқсанға таяған тараздық Қапай ақсақал кемпірімен Умра қажылық жасап қасиетті Қағбаны бір көріп келейін деп зейнетақысын тірнектеп жинап 3 мың доллардың басын құрайды ғой. Мұны Тараздағы орталық мешіттің имамы Қанат Қуанышбеков естиді де «мен сіздерді Умраға апаруға көмектесем» деп қариялардың 3 мың долларды алып кетеді. Алғашында «Меккеге 24 қыркүйекте ұшасыңдар» дейді, кейін «болмай қалды, енді 4 қазанда ұшасыңдар…» деп әлі әлекке салып жүр. Енді Умра да жоқ, 3 мың доллар да жоқ. Қапай ақсақал «Быламық ішейін деген асым ба еді, 90 көрейін деген жасым ба еді» деп қатты қапаланып отыр. Қапай ақсақал өзін алдап кеткен имамның үстінен Тараздағы орталық мешіттің бас имамына арызданған. «Қарға қарғаның көзін шұқымайды» деген атам қазақтың сөзі рас екен. Бас имам «ондақ бопты, мұндақ бопты…» деген сылтаудан әріге бармады, сол күйі ақсақалдың ақшасы қайтарылмады. Енді Қапай ақсақал заңдылықты қадағалау органына — прокуратураға арыз түсірген (пост астындағы суреттердің қараңыз). Мемлекеттік бюрократиялық мәшиненің баяу жұмыс істейтінін білеміз ғой – кейде шешімді күтуге бір адамның өмірі жетпейді. Оның үстіне «Қазақстан мұсылмандары діни басқарамасы (ҚМДБ) – қоғамдық ұйым», «мемлекет діннен бөлек», «қоғамдық ұйымның ішкі ісіне мемлекеттік органдар араласа алмайды» деп тайқып шығатыны тағы бар… Осы ретте тоқсанға таяған Қапан ақсақалдың жанайқайын Бас мүфти Наурызбай Өтпеновке бағыттаудан басқа амал қалмады. Наурызбай мырза. Қажылықпен шұғылданатын туристік фирмалардың тізімін мүфтият бекітіп жүр. Кейде қажылыққа барғысы келетін мұсылманды алдап тақырға отырғызып кеткенде, мүфтият басын арашалап ала қояды да, барлық кінә мен күнәні түристік фирманың мойынына арта салады, мүфтият пәк болып шыға келеді. Ал мынау жағдайда ҚМДБ имамы тараздық Қапай ақсақалды алдап кетіп отыр ғой. Әрбір имам қызметке тұрғанда оған Бас мүфти бұйрық шығарады. Сондықтан, Наурызбай мырза, «мынау жағдайды білмеймін» деп сылтау айтып шындықтан қашып құтылып кете алмайтын шығарсыз. Тоқсанға таяған ақсақалдың ақшасын алдап алып кеткен адам бұ дүние де, о дүние де оңбайды ғой. Жәбірленуші бұ дүниеде жағаларыңа жармаса алмай шерменде кетсе де, бәрібір сендерден о дүниеде Алланың сұрауы болады…Эх, имамның иманы азайған қу дүние-ай!», деп жазды.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар