Ұлытау ауданы бойынша 700-ден астам тарихи-археологиялық және архитектуралық ескерткіштер тіркелген. Жылдан-жылға жаңадан ескерткіштер табылып тіркелуде.
Өңірдің ескерткіштерінің көптігін, маңыздылығын, зерттеу жұмыстарын жүргізу қажеттілігін Қ.И.Сәтбаев өткен ғасырдың 30-шы жылдары айта бастап еді. Қаныш атамыздың бастамасымен Қазақстан Ғылым академиясы Ұлытау өңіріне көңіл бөле бастады. Соның нәтижесінде 40-шы жылдардың ортасында арнайы шешімдер қабылданды, Орталық Қазақстанға, оның ішінде Ұлытау өңіріне археологиялық экспедициялар ұйымдастырыру жолға қойылды.
Орталық Қазақстан, әсіресе Ұлытау өлкесін зерттеуде Ә.Марғұлан, Ә.Оразбаев, М.Клапчук, М.Қадірбаев, Ж.Құрманқұлов, С.Жолдасбаев, Ж.Таймағамбетов, Л.Ермоленко, В.Волошин, С.М.Ахинжанов, А.Ермолаева, О.Артюхова, В.Варфоломеев, Э.Усманова, В.Новоженов, Ж.Смаилов, М.Бедельбаева, С.Жауымбаев еңбектері маңызды. Сонымен қатар Сарыарқа археологиясын зерттеуде ғалымдар – Л.Р.Қызласов(1948), Қ.А.Акишев(1951-1952),Г.И.Пацевич, А.Г.Максимова, Т.Н.Сенигова, Г.В.Кушаев, Х.А.Алпысбаев, суретшілер П.В.Агапов пен К.А.Власов әр жылдары экспедицияларға қатысып өз еңбектерінде өңір ескерткіштері жайлы құнды деректер қалдырды.
Ұлытау өңірінің археологиясын кешенді түрде зерттеу ісі алғаш рет Ә.Х.Марғұланның 1946 жылы Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясының жетекшілігімен басталды және күні бүгінге дейін жалғасып отыр.
Мезолит, неолит дәуірлеріне қарасты ескерткіштердің неғұрлым көрнектілеріне Қаракеңгір, Талдысай (Балажезді) өзендерінің Жездіге құяр сағасында орналасқан Тоқтауыл, Аяқбұлақ тұрақтарын (неолит) айтуға болады. Осы жерлерден б.з.д. 40-30 мыңжылдыққа тән мыңдаған тас кұрал-сайман, қару-жарақ табылды.
Қола дәуірінде (б.з.д ІІ-I мыңжылдық) Ұлытау өңірі тұрғындары мәдениетінде өте маңызды жетістіктер орын алғанын осы уақыт ескерткіштерінің күрт көбейгені, көптеп ашылған кен орындары, металлургиялық қоныстар және осыларды зерттеу барысында табылып отырған құнды ғылыми деректер айғақтайды. Б.з.б. 2-мыңжылдықтың 2-жартысымен мерзімделетін Талдысай, Ұлытау қоныстары, Айбас дарасы, Жанайдар, Үйтас-Айдос, т.б. ескерткіштері зерттеліп, өңір тарихы құнды деректерге толды.
Өлкеде ерте темір дәуірінің қорымдары, сондай-ақ ғұрыптық ескерткіштерге жататын “мұртты обалар” кеңінен тараған. Ортағасырлық қала орындары: бекіністер қызметін атқарған орындар – Алаша хан, Тоғызбайкөл, күшейтілген сарай іспеттес орындар – Шотқара, Айбас дарасы, Топыраққорған, ауыл деңгейіндегі қоныстар – Аяққамыр, Жошы Ордасы, орда қызметін атқарған қалалар – Басқамыр, Нөгербек дарасы, Хан ордасы, Домбағұланықталып, алғашқы зерттеу жұмыстары жүргізілді.
1972 жылы С.Жолдасбаевтың жетекшілігімен Аяққамыр қалашығында алғаш археалогиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Ұлытау өңіріндегі отырықшылық ескерткіштерін одан әрі зерттеу Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы «Новостроечная» экспедициясы тарапынан жүргізілді. Осы мақсатта 1988 жылы экспедиция құрамында «Жезқазған отряды» құрылды. 1988 жылдан 1994 жылға дейін Жезқазған отряды архелог Жұман Смайловтың жетекшілігімен Аяққамыр, Шотқара, Басқамыр қалашықтарында және Жошы-Ордасы бекініссіз қонысында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. Қазба жұмыстарымен қатар археологиялық барлау жұмыстары да ұйымдастырылды. Оның нәтижесінде Алаша хан, Хан-Ордасы, Нөгербек-Дарасы, Айбас-Дарасы, Топырақ-Қорған, Домбағұл, Қаратон қалашықтары, сондай-ақ Аяққамыр, Барақ, Келінтам, Бестам, Болған-Ана сияқты бекініссіз қоныстар зерттеліп, археологиялық тұрғыдан тексерілді.
Менің археологияға араласуым 1983 жылы Жезқазған облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері, археолог Усманова Эмма Радиковнадан басталды. 1985-86 жылдары Жаңарқада археалогиялық қазба жұмыстарын жүргізіп жүрген Ақынжанов Сержан Мұсатайұлы, Жолдасбаев Сәйден Жолдасбайұлы және Жолдасбек Құрманқұловпен таныстым.
1988 жылы Алматыға әдейі іздеп барып Карл Молдахметұлы Байпақов, Арман Бейсенов, Жұман Смаилов, Зейнолла Самашевпен таныстым. Көбімен достасып, көп жылдар бойы тығыз қарым-қатынаста болдым. Өлкенің тарихыны қызығушылығым Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегі(КНБ) жұмысымды тастауыма түрткі болды. 1993 жылы Жезқазған облыстық өлкетану музейінің директоры болып тағайындалдым (1993-2003 жж). Бірінші кезекте археология бөлімін аштым. 1997 жылы Жезқазған облысы жабылған кезде музейді «Жезқазған тарихи-археологиялық музейі» атауына өзгерткіздім. Археология бөлім меңгерушілері: Әлия Боранбаева, Гүлмира Каженова, Гүлнұр Жолашарова өлкенің археологиялық зерттеулерін жүргізуге үлкен үлес қосты.
Археологтармен соншалықты тығыз жұмыс жүргізгеніміздің салдарында археолог Жұман Смаилов музей қызметкері Нұрғайша Абишеваға, Зейнолла Самашев қызметкеріміз Гүлназ Ибраеваға үйленіп отбасын құрған еді. «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мзейінде 10 жыл (2010-2021 жж.) директор болғанда археология бөлімін ашып, археологиялық қазба жұмыстарына лицензия алып, бірнеше барлау және қазба жұмыстарын танымалы археологтармен бірігп жүргіздік. Ұлытау қорық-музейінде археологияға көп еңбек жасаған: Мақсат Абдукаримов, Ләззат Сембинова, Айдар Искаковты айтуға болады.
Бүгінгі күні Ұлытау өңірінің тарихи-мәдени мұраларын зерттеу мақсатында «Ұлытау» қорық-мұражайы», «Жезқазған тарихи-археалогиялықмузейі», «М.Төрегельдин атындағы Жезді тау-кен және балқыту ісі музейі», «Тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекция», «ULYTAU» геопаркі қазба-барлау жұмыстарын жүргізу нәтижесінде өңір тарихынжаңа деректермен толықтыруда. Сонымен бірге соңғы жылдары Ұлытаудың археологиясын зерттеуде өз үлестернін қосып, Ұлытау тарихының жаңа беттерін ашып жүрген жас археологтарды атап өткен жөн болар: Дархан Байтілеу, Альбина Ержанова, Сырым Есенов, Айбар Қасеналин, Елдос Әлкей, Жанболат Утубаев, Ғазиз Ахатов, Арман Бермаганбетов, Ерлан Амиров, Пердехан Бекмағамбетов, Алтынай Бірмұханова, Айдар Искаков, Данияр Дүйсенбай.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.«Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия. Алматы, «Қазақ энциклопедиясы», 1998 жыл, ISBN 5-89800-123-9, I том.Алматы,
3. Маргулан А.Х. Остатки оседлых поселений в Центральном Казахстане / Археологические памятники Казахстана. Алма-Ата, 1978, С. 33
Бақтияр ҚОЖАХМЕТОВ,
Мәдениет және туризм саласының үздігі,
өлкетанушы