Шымкентте көлік соқтығысуының соңы адам өліміне әкеп соққан аяусыз қантөгіске ұласты. Рысқұлов пен Ерімбетов көшелерінің қиылысында болған жаппай төбелестен 1985 жылы туған Василий Колесников көз жұмды. Марқұмның қара жамылған әкесі ұлы туралы сұхбат берді, деп хабарлайды Alash.kz.
Александр Колесниковтың айтуынша, Василий отбасының ғана емес, бүкіл көрші-қолаңның сүйіктісі, айналасына қамқор, спортты жанына серік еткен азамат болған. Ол тіпті ислам дінін қабылдап, мүмкіндігі шектеулі көрші балаға үнемі сый-сияпат жасап тұрады екен. Қаралы шаңырақ бұдан бір жыл бұрын ғана аналарынан айырылса, енді отағасы төрт ұлының бірінен айырылып, жалғыз қалып отыр.
Әкесі қайғылы жағдайды кіші балаларынан жасыруға мәжбүр болғанын айтып, былай деді:
«Ұлым жетіспей тұр. Бір жыл бұрын әйелімнен айрылып қалған едім, енді ұлым жоқ. Төрт ұлым бар, енді үшеуі қалды. Кішілерге айтпадым, көлік апатынан қаза тапты дедім. Ал шынында пышақтан, кісі қолынан қаза тапты. Орны ойсырап тұр».
Қазіргі уақытта полиция оқиға бойынша қылмыстық іс қозғап, күдіктілерді қамауға алды. Тергеу амалдары жалғасуда.