Қаржы және экономика сарапшысы Айбар Олжаев Ұлттық қор қаражатын пайдалану мәселесіне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, қордың негізгі міндеті – ел байлығын келесі ұрпаққа сақтау. Алайда бұл ақшаны тек шотта ұстап отыру дегенді білдірмеуі керек, деп хабарлайды Alash.kz.
Сарапшы әлеуметтік желідегі жазбасында Ұлттық қор қаражатын елдің ұзақ мерзімді дамуына әсер ететін активтерге бағыттау қажет екенін айтты.
«Ұлттық қордың басты міндеті – елдің байлығын келесі ұрпаққа сақтау. Негізі құрылған идеясы осы. Бірақ “сақтау” деген ұғымды тек ақшаны шотта ұстап отыру деп түсінбеу керек. Сақтаудың ең дұрыс жолы – көбейту. Капиталдың ең дұрыс сақталатын жері – болашақта экономикалық және қоғамдық қайтарым беретін активтер», – деп жазды Айбар Олжаев.
Оның пікірінше, Ұлттық қор қаражатын жұмсаудағы негізгі өлшем – бөлінген ақша елдің болашақ әлеуетін арттыра ма, жоқ па деген сұрақ болуы тиіс.
Сарапшы мектеп, аурухана, емхана, инженерлік желілер, су және энергетика инфрақұрылымы, жол мен логистика нысандарын жай ғана бюджет шығысы ретінде қарастыру дұрыс емес деп есептейді.
Оның сөзінше, мұндай нысандар экономиканың ұзақ мерзімді өнімділігіне әсер ететін капиталдық активтерге жатады.
Мәселен, жаңа мектептердің салынуы адами капитал сапасын арттырса, аурухана мен емханалар халық денсаулығы мен еңбек өнімділігін жақсартуға ықпал етеді. Ал су, электр және көлік инфрақұрылымының жаңаруы сол аумаққа жаңа бизнестің келуіне және өндірістердің ашылуына мүмкіндік береді.
Айбар Олжаев мұндай инвестициялардың қайтарымы тек тікелей ақша түрінде өлшенбейтінін атап өтті. Оның нәтижесі экономикалық өсім, жаңа жұмыс орындары, салық базасының кеңеюі және халықтың өмір сапасының жақсаруы арқылы көрінуі мүмкін.
Сонымен қатар сарапшы уақыт пен инфляция факторына назар аударды.
«Ақша жыл өткен сайын инфляция әсерінен сатып алу қабілетін жоғалтады. Шартты түрде он жыл бұрын 10 млн долларға салуға болатын инфрақұрылымның дәл сондай көлемін бүгін сол ақшаға тұрғызу мүмкін емес. Құрылыс материалдары, техника, еңбек күші, логистика қымбаттайды», – дейді ол.
Оның айтуынша, қажетті мектептерді, ауруханаларды немесе инженерлік инфрақұрылымды тек жыл сайынғы бюджет мүмкіндігіне қарай кезең-кезеңімен сала беру кейбір жобалардың ондаған жылға созылуына әкелуі мүмкін. Бұл аралықта халық саны өсіп, қалалар кеңейіп, инфрақұрылымға деген қажеттілік те арта береді.
Сондықтан сарапшы Ұлттық қор қаражатын пайдалану мәселесінде «ақша жұмсалды ма?» дегеннен гөрі, «оның орнына қандай актив пайда болды?» деген сұрақ маңызды екенін айтады.
Айбар Олжаевтың пікірінше, егер қаражат ағымдағы тұтынуға, тиімділігі төмен немесе экономикалық қайтарымы жоқ жобаларға жұмсалса, бұл Ұлттық қорды әлсіретеді.
Ал қор қаражатының орнына ондаған жыл қызмет ететін мектеп, аурухана, электр желісі, су құбыры, жол, логистикалық немесе өндірістік инфрақұрылым пайда болса, қаржылық активтің бір бөлігі нақты ұлттық активке айналады.
Осылайша, сарапшы Ұлттық қорды тек жинақ құралы ретінде емес, елдің ұзақ мерзімді экономикалық әлеуетін арттыра алатын стратегиялық ресурс ретінде қарастыру қажет деген пікір білдірді.