Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов қартайғанда ақшасыз қалмаудың жолын айтты

17:00, 23 қазан 2026

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов басқа қазақстандықтар сияқты қартайған шақта қаржылық тапшылыққа ұшырамаудың жолдары туралы ойланатынын жеткізіп, бұл бағыттағы жеке инвестициялық ұстанымын бөлісті, деп хабарлайды Alash.kz.

Ұлттық банк басшысы журналистермен кездесуде ең басты инвестиция ақшаны құнды қағаздарға немесе мүлікке салу емес, өсіп келе жатқан ұрпақтың келешегіне бағыттау екенін баса айтты:

«Меніңше, ең жақсы инвестиция – балаларға салынған инвестиция. Балалар ақылды әрі білімді болуы керек. Сондықтан олардың мектепке дейінгі және мектептегі біліміне, дамуына ақша аямау қажет. Спорт та міндетті түрде болуы керек», – деді Тимур Сүлейменов.

Сонымен бірге Ұлттық банк басшысы азаматтарға нақты қаржылық кеңестерін де ұсынды. Оның пайымдауынша, әрбір ата-ана балалары үшін «Келешек» бағдарламасы аясында арнайы салымдар ашып, өздерінің болашағы үшін де жеке жинақ депозиттерін қалыптастыруы қажет.

Бұдан бөлек, бас банкир зейнетақы қорындағы жинақтарды орынсыз жұмсамауға шақырды:

«Зейнетақы жинағын да орынсыз жұмсамаған жөн. Барлық шешімді ақылмен қабылдап, күнделікті қызықтарға алданып қалмау керек. Жаңа телефон, жаңа теледидар, көлік деген сияқты. Меніңше, бұлардың бәрі – уақытша нәрсе», – деп ескертті ол.

Айта кетейік, бұл мәлімдеме Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) көрсеткіштері төмендеген тұста айтылып отыр. Қыркүйек айында БЖЗҚ-ның инвестициялық кірісі тамызбен салыстырғанда төмендеп, 2026 жылдың алғашқы тоғыз айындағы жалпы кірісі инфляция деңгейінен де төмен болған еді. Дегенмен, Ұлттық банк өкілдері бұл жағдайды шығын ретінде емес, активтер құнының қайта бағалануы деп түсіндіруде.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар