Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Ұлт мүддесі жолындағы күресінен ешқашан тайған емес»: Мейірман Шекеев Мұхтар Шаханов туралы әсерлі жазба жариялады (ВИДЕО)

17:11, 31 мамыр 2026

Белгілі заңгер Мейірман Шекеев Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шахановтың 40 күндік асына барып, әсерлі мәлімдеме жасады, деп жазады Alash.kz.

Заңгер Мұхтар Шахановтың жарымен кездескен сәтін жариялап, сүбелі әңгімесін бөлісті.

Мұхтар ағамызды көп адамдар ақын, композитор, қоғам белсендісі ретінде біледі. Бірақ Мұхтар ағамыздың басты ұстанымы – қазақ мүддесіне қызмет ету еді.

Мұхтар ағамыздың жарының айтуы бойынша, ол осы жолда жүргенде бірде Кремльге барған кезінде сырқаттанып қалады. Сол кезде оған Кремль ауруханасына жату ұсынылады. Ойында ештеңе жоқ Мұхтар ағамыз таңертең сол жерге барып ем алмақ болғанда, белгісіз біреу телефон шалып, бұл қатерден ескертеді. Яғни: «Егер Кремль ауруханасына жатсаңыз, ол жақтан тірі шығуыңыз екіталай», – деп ескерту жасайды.

Сол күні Мұхтар ағамыз ұшаққа билет алып, Қазақстанға ұшып кетеді.

Бұдан кейін де елімізде жүрген кезінде Алматы қаласындағы №7 ауруханада жатқанда, түн ортасында оянып кетіп, перденің артында пышақ ұстаған адамның бейнесін көреді.

Сол оқиғалар оның Қырғызстанға елші болып кетуіне себепкер болған.

Бірақ Мұхтар ағамыз ұлт мүддесі жолындағы күресінен ешқашан тайған емес.

Біздің қазақ тіліміздің мемлекеттік тіл болуына Президенттің өзінің күші жетпегенде, Мұхтар ағамыз «халық ертең көтеріліп кетеді» деп Назарбаевтың өзін мойындатып, дауыс беруді қайта жасатқан.

Сондықтан қазіргі таңда қазақ тілінің елімізде мемлекеттік тіл ретінде орнығуына біз Мұхтар ағаға тағзым етуіміз керек.

Мұхтар аға – қайтып келмейтін тұлға екені рас. Бірақ оның шыншылдығын бүгінгі таңда Президентіміз Тоқаевтың өзі де мойындаған.

Нағыз өлмейтін тұлға осы кісі десе де болады. Мұхтар ағамыз өткеннен кейін оның жолын жалғастыратын азаматтар қалса екен деймін.

Бір қызығы, мен Мұхтар ағаны тіл күресі жолындағы шәкірт ретінде, оқырман ретінде пір тұтсам, бүгін 40 күндік асына кіргенімде немересі алдымнан шығып: «Аға, мен сіздің оқырманыңызбын», – дегенде төбем көкке жетті.

Яғни мен Мұхтар ағаның оқырманы болсам, немересі менің оқырманым болып, ұрпақ сабақтастығы жалғасқандай сезіндім.

Аға, сіздің батылдығыңыз бізге де берілсін.

Әумин.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар