Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Ұлт болашағына төнген үлкен қатер!»: Баян Алагөзова тың мәлімдеме жасады (ВИДЕО)

13:30, 27 наурыз 2026

Танымал продюсер Баян Алагөзова әлеуметтік желідегі парақшасында Қазақстандағы діни радикализмнің күшеюіне қатысты өткір мәлімдеме жасап, мемлекеттік органдарды шұғыл шара қолдануға шақырды, деп жазады Alash.kz. 

Оның пайымдауы бойынша, радикалды ағымдардың белсенді насихаты ұлттық қауіпсіздікке ғана емес, қазақ халқының мәдени коды мен ана тіліне де тікелей қатер төндіріп отыр. Продюсер бұл мәселенің шешілуін заң деңгейінде бекіту қажеттігін алға тартты.

Продюсер әлеуметтік желілердегі радикалды топтардың агрессивті үгіт-насихатына жиі тап болатынын жеткізіп, бұл жағдайдың қоғам үшін қауіпті екенін ескертті. Ол өз сөзінде:

«Бұл мәселе бүгін менің шыдамымды тауысты. Әлеуметтік желіде радикалды топтардың өкілдерімен тағы да кикілжіңге түстім. Осыған байланысты құзырлы органдарға, соның ішінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен прокуратураға ресми түрде үндеу жасағым келеді. Елдегі ахуалдан хабардар екендіктеріңізге сенімдімін. Бұл үрдіске ерте ме, кеш пе, тосқауыл қойылуы қажет. Мұндай жағдайды бүтін бір ұлттың болашағына төнген үлкен қатер деп білемін.», — деп атап өтті.

Сонымен қатар Баян Алагөзова жат ағымдардың ықпалымен қазақтың төл дәстүрлері мен мерекелерінің шеттетіліп жатқанына алаңдаушылық білдірді. Мәлімдеме соңында продюсер Қазақстанның зайырлы мемлекет екенін Ата заң аясында нығайтып, кез келген діни насихатқа құқықтық тосқауыл қоюды ұсынды. Ол:

«Біз зайырлы мемлекет екенімізді Конституциямен бекітіп, кез келген діни насихат пен радикалдық пропагандаға заңмен тосқауыл қоюымыз керек. Бұл мәселеде енді жайбарақат отыруға болмайды», — деген пікірмен түйіндеді. 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар