Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Ұлы Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлының 220 жылдық мерейтойы аталды

19:58, 16 маусым 2024 572
Биыл Қазақ тарихында елеулі із қалдырған көрнекті тарихи тұлға, ұлы Абайдың әкесі, қара қылды қақ жарған би, қоғам қайраткері, үш жүзге аты мәлім Құнанбай Өскенбайұлының туғанына 220 жыл толды. Мерейтой қазақ әдебиетінің алыбы Абай жұртшылығында, киелі Қарауылда атап өтілді, деп хабарлайды Alash.KZ ұлттық порталы. 
 
Мерейтой жылында Қарауылда Абай жұртшылығы бастамашы болып, іскер азаматтар қаржылық қолдау жасап, Құнанбай қажы мешіті салынды. Сонымен қатар, айбынын асқақтатар сәулетті ескерткіш тұрғызылды. Бүгінде қасиетті Абай елінде Құнанбай баба рухына арнап айтулы ас беріліп жатыр.

Мерейтой аясында республикалық қөлөнершілер байқауы, ат бәйгесі ұйымдастырылған. Ұлттық күрестен дүбірлі сайыстар өтіп жатыр. Қарауылда ақындар Құнанбайға арналған өлең-жырларын оқыды. Ал көрнекті тарихшылар мен әдебиетшілер Семейде бас қосып, халықаралық деңгейде Құнанбай Өскенбайұлының тарихи тұлғасын, бекзада болмысын танытып, ұлықтау үстінде. Абай облысы әкімінің орынбасары Әділбек Мұсабаев мерейтойға қатысты: 

"Бұл тойдың ерекшелігі – 500 баланың бір уақытта ашамайға отырып, жеңімпаздарға жүлде қорлары қазақы дәстүрмен "үйірімен үш тоғыз" болып берілуінде. Ендеше, осынау мерейлі күні қасиетті Абай елінде ұлылар рухына тағзым етіп, дала данышпаны Құнанбай бабаға құрмет пен қошемет көрсету – баршамыздың адамшылық борышымыз деп білеміз" - деп пікір білдірді.  

Нақтылап өтейік, мерейтой қарсаңында Семейде Құнанбай Өскенбайұлының 220 жылдығына арналған «ҚҰНАНБАЙ ӨСКЕНБАЙҰЛЫ: ТҰЛҒА, ТАРИХ, ФЕНОМЕН» Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Ғылыми жиынды Абай облысы әкімдігі, Shakarim University, Абай музейі бірлесе ұйымдастырды.
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар