Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Украина жасасын!". Украина-Ресей соғысына қатысты ашық пікір білдірген зейнеткер 2 жылға сотталды

17:15, 25 мамыр 2024 946

Судья Мадияр Әбдірасилов 63 жастағы Қалима Жапарованың қоғамдық орындарда өзінің саяси көзқарасын ашық білдіргенін айыптап, қылмыстық кодекстің "Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыру" бабымен (174-бап) кінәлі деп таныды. Жапарова Ресейдің Украинаға қарсы басқыншылығына қатысты өзінің азаматтық пікірін білдірген. Кеше 7 айдан бері қамауда жатқан зейнеткер сот залынан босатылды, деп хабарлайды Alash.KZ ұлттық порталы. 

23 мамырда сот отырысындағы жарыссөзде прокурор Қалима Жапарова 2020 және 2023 жылдары Шымкентте қоғамдық көлікте орыс ұлтының өкілдеріне "араздықты қоздыратын сөз айтқанын" жеткізген. Жапарова Ресейдің Украинаға шабуылын айыптағанда өзінің пікірін айтып, "фашистер" деген сияқты тіркестер қолданған.

Оның қамауда жатқан бір күні жаза мерзімінің екі күніне есептелінді. Судья жаза тағайындау кезінде сотталушының жасы мен денсаулығы ескерілгенін атап өтті.

"Азаттықтың" хабарлауынша, сотта зейнеткер Жапарова “Украина жасасын!” деп айғайлаған.

Нақтылай кетейік, іс өрбігенде Ада Липинская есімді азамат полицияға арызданған. Айғақ ретінде оқиға кезінде түсірілген видеожазбасын да ұсынған. Бірақ кейін ол айыпталушыға кешірім беріп, істің қысқаруына қарсы емес екенін жеткізген.

Тергеуші оқиғаның жай-жапсарын анықтау барысында Жапароваға басқа да айыптарды телді. "2020 жылы да дәл осылай ұлт араздығын қоздыратын заңбұзушылыққа барды" деген айғақ тауып, іске қосады. Прокурор зейнеткерді сол айғақ негізінде 4 жыл бас бостандығынан айыруды сұрады.

“Қылмыстық кодекстің "Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыру" бабымен қозғалған қылмыстық іс экстремистік қылмысқа жатады. Заң бойынша сот тергеуі жәбірленушінің арызынсыз тергеледі”, – деді судья Әбдірасилов сот үкімін түсіндіргенде.

Қалима Жапарова жарыссөзде тағылған айыпты мойындамайтынын, тек "Ресей оккупанттарының Украинаға шабуылын айыптағанын" жеткізген. Ол соттан өзін ақтап, сот залынан босатуды сұраған.

Естеріңізге сала кетейік, 63 жастағы Қалима Жапарова 2023 жылдың қараша айында қамауға алынған. Қазақстандық құқыққорғаушылар оны сот санкциясымен қамауда жатқанда “саяси тұтқындар” тізіміне қосқан. 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар